«Биыл мектепті 188 000 астам түлек бітірді. Олардың 140 мыңнан астамы жоғары оқу орындарына бірінші курсқа келуі мүмкін. Осылайша, осы оқу жылындағы студенттердің жалпы саны 650 мыңға жуық адамды құрайды. Өздеріңіз көріп отырғандай, 2020 жылдан бастап мектеп түлектерінің саны жыл сайын ұлғайып келеді. Сондықтан біз грант санын көбейттік», — деді Саясат Нұрбек.
Бұл тұрғыда ол қосымша жоғары білімнің қолжетімділігін арттыру тетіктері бар екенін айтты. Атап айтқанда, дифференциалды гранттар, жеңілдетілген кредиттер, «Ұлттық қор — балаларға» және «Келешек» бағдарламасы ескерілген.
«Биыл Ұлттық қор — балаларға» жүйесі іске қосылды. Әр балаға арнайы есеп-шот ашылды. Осы жылдың соңында жинақтаушы «Келешек» бағдарламасы да іске қосылады. Қазір тиісті заңнамалық өзгерістер Парламент Мәжілісінің қарауында жатыр», — деді министр.
Ведомство мәліметіне қарағанда, қазіргі кезде елімізде 120 жоғары оқу орны жұмыс істеп жатыр (11 ұлттық, 29 мемлекеттік, 14 азаматтық емес, 1 дербес білім беру ұйымы, 1 халықаралық, 16 акционерлік және 48 жекеменшік).