Биыл зейнетақы қайта көтерілмейді – министр

Коллаж: Canva

АСТАНА. KAZINFORM – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев зейнетақы биыл бір рет инфляция деңгейінде индекстелгенін, қайта көтеру мүмкін емес екенін айтты.

- Жыл басында зейнетақы инфляция деңгейіне қарай индекстелгені белгілі. Үкімет екі таңбалы инфляцияны әлі ауыздықтай алмай отыр. Осыған байланысты биыл зейнетақы тағы бір рет индекстелуі мүмкін бе? - деп сұрады журналист.

Министр бұл мүмкін емес екенін айтты.

- Ондай болмайды. Жыл басында бір рет болжанған инфляция деңгейінде индекстелген. Біз бұл мәселеде болжамдарға қарап есеп жасаймыз. Одан басқа қайта есептеулер болмайды, - деді Асқарбек Ертаев.

Еске салсақ, 1 қаңтардан бастап Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы төлемі зейнетақы төлемдерін бұрыннан алып жүрген зейнеткерлер үшін 5 пайызға ұлғайған болатын.