СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Мейрам Меңдібаевтың айтуынша, биыл әр гектардан 17,3 центнерден өнім алынып жатыр.
Былтыр өнімділік — 12 ц/га болды. Бірақ егін орағы өте баяу жүріп жатыр. Оған себеп — ауа райы.
«Қыркүйек айы басталғалы жауын-шашынның айлық орташа көрсеткішінің 57% жауды. Синоптиктердің болжамынша алда күн ашық болады. Сондықтан диқандар мұны барынша пайдаланады. Былтыр осы уақытта бір млн га жуық алқаптың астығы жиналған еді. Биыл соның жартысы ғана орылды», — дейді Мейрам Меңдібаев.
Өңір элеваторларына 180 мың тонна дәнді дақыл түсті. Жеткізілген бидайдың жартысы 3 класқа жатады.
«Астық қабылдау орындарына бидай жоғары ылғалмен түсіп жатыр. Кептіру үшін қосымша шығын кетеді. Сондықтан биыл Үкімет алғаш рет диқандарға арзан бағамен сұйытылған газды бөлді. СҚО-ға мың тонна берілді. Өйткені өңірдегі 59 астық қабылдау орны газбен жұмыс істейді. Бұдан бөлек осы мақсатқа 20 мың тонна арзандатылған дизель отыны берілді, қазір өтініштер қабылданып жатыр», — дейді Мейрам Меңдібаев.
СҚО-да бүгінде 46 элеватор және 332 астық қабылдау орны бар. Олар 7 млн тоннаға жуық дәнді дақылды кептіре алады.
Естеріңізге салайық, биыл СҚО 4,4 млн га дәнді-майлы дақылдарды екті. Қазір алқапта 7 мың техника егін орып жатыр.