Биыл жазда Балқаш курорттық аймағына қосымша пойыздар қатынайды
АСТАНА. KAZINFORM – Алдағы жазда Балқашқа дейін 10 теміржол маршруты ұйымдастырылады. Бұл туралы Көлік министрлігі мәлім етті.
Ведомствоның мәліметінше, пойыздар Астана, Семей, Алматы қалалары мен Қарағанды облысынан (Мойынты, Саяқ) қатынайды.
1. №54/53 «Нұрлы жол – Достық» (аптасына 2 рет);
2. № 254/253 «Нұрлы жол – Достық» (аптасына 2 рет);
3. №122/121 «Нұрлы жол – Семей» (жыл бойы, айдың жұп күндерде).
4. № 643/644 «Мойынты - Балқаш» (күнара);
5. № 605/606 «Қарағанды – Балқаш» (күн сайын);
6. № 6880/6879 «Балқаш – Саяқ» (аптасына 6 рет);
7. № 6877/6878 «Балқаш – Мойынты» (аптасына 6 рет);
8. № 6894/6893 «Балқаш – Саяқ» (аптасына 2 рет);
9. № 6817/6818 «Балқаш 1 – Балқаш 2» (күн сайын).
Сонымен қатар, 1 маусым мен 31 тамыз аралығында айдың тақ күндері №219/220 «Қарағанды-Балқаш» жүрдек пойызы қатынайды. Оның құрамына 4 плацкарт және 2 купе вагон кіреді.
Автомобиль көлігі:
Балқаш көліне дейін «Орталық – Оңтүстік» жол бағыты арқылы төртжолақты жолмен жүруге болады.
Астана қаласынан ұзындығы 217 шақырым «Астана – Қарағанды» жолын өтіп, одан әрі ұзындығы 363 шақырым «Қарағанды – Балқаш» жолы бойынша курорттық аймаққа жетуге болады. Жол жүру уақыты шамамен 5-6 сағатты құрайды.
Ұзындығы 262 шақырымды құрайтын «Меркі-Бұрылбайтал» жолы арқылы да жетуге болады.
Балқашқа Лепсі ауылы арқылы баламалы жолмен де жетуге болады. Мұндағы 27 шақырымдық жол учаскесі қайта жөнделіп, ені 6-дан 7 метрге дейін кеңейтілді. Техникалық санаты V-тен III-ке ауыстырылап, өткен жылдың қазан айында пайдалануға берілді.
Еске сала кетейік, бұған дейін 11 мамырдан бастап «Балқаш-Бурылбайтал» автожолы ақылы болатынын жазған едік.
Бұған дейін хабарланғандай, жазғы маусымда 11 бағыт бойынша қосымша пойыздар қатынайтын болады.