Биыл Жетісу облысында 103 мыңға жуық бала жазғы сауықтыру лагерлерімен қамтылады

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM – Облыстық білім басқармасының сөзінше, өңірде қала сыртындағы 10 лагерьдің 9-ы жұмыс істейді. Онда облыстағы 1-10 сынып оқушылары уақыттарын тиімді өткізбек. 

Фото: Жетісу облысы білім басқармасынан

103 мың баланың 8 277-сі – әлеуметтік осал отбасынан шыққан жеткіншектер. Олар жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын қала сыртындағы лагерлерге орналастырылмақ. Ал, 93 223-сі мектеп жанындағы тамақтандырылмайтын орталықта, 1 200-і Текелі қаласындағы спорттық лагерьде демалады. 

«19 820 бала туристік саяхаттармен, 18 998 бала интеллектуалды шыңдаумен, 46 507 оқушы еңбекпен, 32 700 бала шығармашылық үйірмелермен қамтылады. Оған қоса республикалық бюджет қаражаты мен «Қазақстан халқына» қорының есебінен де балалар демалысы ұйымдастырылады», - деп атап өтті Жетісу облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі. 

Ал, Ескелді ауданында орналасқан «Айналайын» балалар үйінің лагеріне күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Келер жылы демалыс аймағы бүлдіршіндерге есігін айқара ашады деп жоспарланып отыр.