Биыл Жетісу облысында 11 баланың өмірі жолда қиылды
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM - Жетісу облыстық полиция департаменті жыл басынан бері өңірде 700-ге жуық көлік оқиғасы болғанын мәлімдеді. Қара жолдың үстінде 119 адам қаза болған.
Өңір бойынша жол-көлік оқиғасының көрсеткіші көңіл қуантпай тұр. Өткен жылдың 11 айында 457 жағдай тіркелсе, биыл жыл басынан бері 700-ге жуықтаған. Оның 340-ы бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Кәмелетке толмағандардың қатысуымен болған 290 апатта 11 бала қайтыс болып, 279-ы жарақат алған.
Зардап шеккен балалардың жартысынан көбі жолаушы болған.
- Жол көлік оқиғасының негізгі себептері – жол қозғалысы ережелерін бұзу және оның 90% жүргізушілердің кінәсінен болады. Олардың ішінде жылдамдықтың артуы, қарсы жолаққа шығу, маневр жасау қателіктері, сондай-ақ жаяу жүргіншілер мен скутер және самокат жүргізушілері тарапынан бұзушылықтар бар,- деді Жетісу облыстық полиция департаменті анықтау басқармасының анықтаушысы Әділет Мыңбаев.
Полиция қызметкерлері кісі өлімімен аяқталған жол-көлік оқиғасы үшін ҚР ҚК 345-бабында 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын және жүргізушілерге жол ережесін қатаң сақтауды ескертеді.
Еске салайық, осыған дейін Жетісу облысында көлік апатынан 2 адамның қайтыс болғанын жазғанбыз.