Биылдан бастап медицина саласында ақылы оқу қиындайды

Фото: ДСМ

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет тарапынан дәрігерлерге тапсырыс көбейген. Мәселен, биыл елімізде 10 530 дәрігер даярланды. Оның 4 900-і — мемлекеттік грант бойынша, қалғандары — ақылы түрде білім алған.

— Алдағы уақытта ақылы бөлімдердегі оқу орындарының саны қысқаруы мүмкін. Себебі медициналық жоғары оқу орындары студенттерді белгілі бір талаптар мен тәртіпке сай қабылдауы тиіс. Дәрігерлерді сапалы даярлау үшін қажетті инфрақұрылым, оқыту базасы, жеткілікті саны бар білікті оқытушылар құрамы, оқу құралдары мен бағдарламалар болуы міндетті. Егер студенттер саны шектен тыс көбейсе, бұл білім сапасының төмендеуіне алып келеді. Осыған байланысты қазіргі таңда ақылы түрде оқытылатын студенттер санын қысқарту қолға алынды. Мәселен, биылдың өзінде бірнеше медициналық ЖОО-да ақылы оқуға қабылдау деңгейі төмендетілді, — дейді ҚР ДСМ Ғылым және адами ресурстар департаменті директорының орынбасары Ұлмира Нұралиева.

Айта кетейік, денсаулық сақтау министрлігі медициналық жоғары оқу орындарына түсетіндерге қойылатын талаптарды күшейтті.