81 жастағы британдық жазушы Букер сыйлығының ең егде жастағы лауреаты атанды

АСТАНА. KAZINFORM – 2026 жылғы Букер сыйлығының иегері британдық фантаст-жазушы Майкл Джон Харрисон атанды. Қазылар алқасы оның адамзатқа төнген болашақ апат туралы баяндайтын The End of Everything («Бәрінің соңы») романын жоғары бағалады, деп хабарлайды ВВС .

Фото: ЕРА

81 жастағы Харрисон Букер сыйлығы тарихындағы ең егде лауреат атанды. Бұған дейін бұл рекорд 2019 жылы 79 жасында марапатталған Маргарет Этвудқа тиесілі болған.

Ол сондай-ақ Букер сыйлығын алған алғашқы ғылыми фантастика өкілі атанды.

Көбіне М. Джон Харрисон деген атпен танымал жазушы 1960 жылдары New Worlds фантастикалық журналында шығармаларын жариялай бастаған. Кейін осы басылымның әдеби редакторы қызметін атқарды.

Жазушы осы уақытқа дейін 13 роман шығарған. Оның ең танымал шығармаларының қатарында Viriconium («Вирикониум») циклі, сондай-ақ Light («Жарық») және Nova Swing («Нова Свинг») романдары бар.

Харрисон өз шығармашылығын белгілі бір жанрға жатқызғанды ұнатпайды. Соған қарамастан, оны «ғылыми фантастика әдебиетінің алыбы» деп атайды.

– Ол – шын мәнінде бірегей ойшыл, өз жанрын қалыптастырған әрі идеяларға байыппен қарайтын жазушы, – деді Букер сыйлығы қорының басшысы Гэби Вуд.

Харрисонға сыйлық әкелген The End of Everything романының оқиғасы жақын болашақта өрбиді. Әлемді қоғамның күйреуіне әкелген жұмбақ апат жайлағаннан кейінгі кезең суреттеледі.

Жазушының айтуынша, ол осы апатқа дейін болған оқиғаларды егжей-тегжейлі сипаттаудан әдейі бас тартқан. Осылайша оқырмандар да шығарма кейіпкерлері сияқты белгісіздік пен бағдарсыздық сезімін бастан өткеруі керек.

Еске сала кетсек, былтыр 2025 жылғы Букер сыйлығының жеңімпазы болып канадалық-венгриялық-британдық жазушы Дэвид Салей танылғанын жазған едік. Оған сыйлық «Тән» романы үшін берілді.