Биылғы төлдеу науқаны қалай өтіп жатыр - фоторепортаж
АСТАНА. KAZINFORM - Төлдеу маусымы - малшылар үшін қызығы мен қиындығы мол кезең. Агенттік тілшісі Ақмола облысы Аршалы ауданы Елтоқ ауылына арнайы барып, малшылармен жүздесіп, биылғы төлдеу науқаны қалай өтіп жатқанын көріп қайтты.
«Мал өсірсең қой өсір, оның өнімі көл-көсір» дейді халқымыз. Ал қой шаруашылығындағы ең күрделі, көп еңбекті талап ететін процесс – қой төлдету мезгілі болып саналады.
Сәтті ұрықтанған саулық шамамен 147-150 күннің ішінде төлдейді.
- Биыл Арқаның қысы жайлы болып, көктем ерте шықты. Төлдеу маусымы жылдағыдан жеңіл өтіп жатыр. Жалпы малдың күйі жақсы. Қазірге дейін қойдың 50 пайызы төлдеді. Енді 20 күннің ішінде барлығы төлдеп болады деп отырмыз. Жаңа туған төлдердің жағдайы жақсы. Жер ерте көктегендіктен, енелері сүтке тойғызып тұр, - дейді «Қарақат» шаруа қожалығының бақташысы Мүбарак Әмалиат биылғы төлдеу науқаны жайлы.
Қожалықта қоймен бірге сиыр, жылқы малы да өсіріледі. Сиырладың көбі туып үлгерген. Жылқылар енді құлындайды деп күтіп отыр.
- Осында, жылқы мен сиырды қоймен бірге бағамыз. Сиырлар негізінен туып болды. Бұзаулардың күйі өте жақсы. Жылқылар мамыр айынан бастап құлындайды. Биыл биелердің бәрі ішті болды. Қыста 1 айдан астам жем-шөп бердік, қалған уақтта сыртқы жайылыммен шықты, - дейді бақташы.
Айта кетерлігі, өрісте жүрген қойлар да, сиырлар да маңына жақындатпай алыстан қашады. Фотоға түсірудің өзі қиын. Осыдан-ақ бұл ауылдағы малдардың жай-күйі керемет екенін білуге болады.
Бүгінгі таңда солтүстік өңірлерінің шаруалары көктемгі, тіпті жазғы төлдеуді енгізуге көшкен. Алайда көптеген өңірде көктемде де ауа райы тұрақсыз, күн күрт суып кетуі мүмкін. Ерте көктемдегі қой төлдері суықтан және енелері сүтке тойғыза алмағандықтан шығынға ұшырауы мүмкін. Сол үшін әр өңір күн райына байланысты күйек маусымын жоспарлайды.
Күйек дегеніміз не?
Қой саны тым көп болса, қошқар мен текені бөліп бағу керектігі белгілі. Күйек байлау – қошқар мен текенің беліне күйек киізін байлау шарасы. Өте көнеден қалыптасқан дәстүр бойынша, саулық малдан қошқар мен текені бөліп алу шарасы - шартты түрде күйек байлау немесе қошқар бөлу деп аталады.
Күйек байлау белгіленген тәртіп бойынша, жүргізіледі. Ол есепшілер тілімен айтқанда Үркер жұлдызы көтерілген уақытта жиналады. Қазақ жерінде күйек байлау маусым айының аяғында басталып, шілденің басына шейін созылады.
- Бұл әр жердің табиғи ерекшеліктеріне байланысты. Күйек байлау қошқар мен текенің бас көтеруі басталар алдында, яғни саулықтың күйлеуі күшейген кезде жүргізіледі. Солтүстік пен таулы өңірлерде, шілденің аяғында болады.
Қойшы өрісте қошқар немесе текені қадағалап отырады. Қошқар-текенің басын көтеріп, кегжитіп саулықтың артынан ере бастауын малшылар тілінде күйі келді, күйті келді, қошқар-теке жүгірді дейді. Осы кезде күйек байлау шарасы жүріледі, - деп түсіндіреді бақташы.
Төлдердің қандай атаулары бар?
Күйек байлау және күйек алу тәртібі бойынша, көктемнің мөлшерленген уақытында жаппай төлдеген кезде туған төлді шопандар тілінде күйек төл дейді. Ал, мезгілсіз уақытта, яғни ұрғашы мал күйектен бұрын қашып кетіп, қыста туған төлдерді «арамза» деп атаған. Себебі, ондай төлдердің қыста қатарға қосылуы қиын.
Сонымен бірге, барлығы төлдеп болғаннан кейін де бірен-саран мал төлдейді. Оны «кенже туды» деп атайды.
Мүбарак Әмалиаттың айтуынша, төлдердің ерте туғанынан гөрі, кеш туса да жерге көк шыққанда, уыз бен сүтке тойып өскені тез аяқтанады.
- Жалпы төлдің күйек уақытында туғаны жақсы. Күйекті қар кетіп, жер көктеген мезгілге жоспарлаған дұрыс. Ауа райына, малдың көп-аздығына байланысты төлдеу уақытын белгілейді. Малы аз адамдар, қорада төлдетіп алуға мүмкіндігі барлар ерте төлдетеді. Ерте туған мал ерте жетіледі деп ойлауыңыз мүмкін. Алайда малдың күйі төмен қыс мезгілінде туған төл уызға, сүтке тоймайды. Сол себепті, дұрыс өспей қалады. Керсінше, көк шыққанда, уыз бен сүтке тойып өскені тез аяқтанады, - дейді бақташы.
Жыл он екі ай бойы тынымсыз тірлікті қажет ететін мал шаруашылығы мол еңбек пен жауапкершілікті талап етеді. Қара жердің көбесі сөгіліп, көк шыға бастағанда келетін төлдеу кезеңі - малшылар қауымының ең бір жауапты кезеңі. Ата кәсіпті нәсіп еткен ағайын шығынсыз төл алу үшін ерте дайындалады.
- Бұл – ең бір жауапты кезең. Басты мақсат - төлдерді аман қатарға қосу. Қора-жай, жем-шөпті ерте дайындап сақадай-сай етіп отырамыз. Малдардың жай-күйіне қарай бөліп, бағамыз. Төлдердің жаңа туғандарын бөлек жайып, олар аяқтанып қойға ілесе алатын кезде қосып отырамыз, - дейді Мүбарак Әмалиат.
Төлге байланысты халқымыздың ырымдары
Халқымыздың тұрмыс-тіршілігімен, салт-дәстүрі біте қайнасып жатқаны бәрімізге аян. «Құтты қонақ келсе, қой егіз табады» дейтін халқымыздың төлдеу мезгілінде де өзіндік ұстанымдары мен ырым-тыйымдары болған. Кейбір деректерде алғашқы туған малға төл басы деп зор құрметпен қарап, оны ешкімге сатпайтын, сыйға бермейтін болған. Мұндай малды көбінесе өз қызығына, тойына, құрбан айт күндерінде сойып, ырым етеді.
«Қарақат» шаруа қожалығының бақташысы Мүбарак Әмалиат өзі білетін ырымдар туралы айтып берді.
- Буаз малды төлдер алдында, өрістен қайтқанда, өріске айдарда қуалап қатты айдамайды. Мұндай жағдайда өз мерзімінен бұрын төлдеуі мүмкін. Мұны «іш тастау» дейді. Мал туып жатқан уақытта қораға бөтен адамдарды кіргізбейді. Тіл-көз болады деп ырымдайды. Алғашқы төл туғанда тоқ ішек асады. Оған сиырдың уызын да қосатын. Бұл – бір жағынан малдың аман төлдей бастағаны үшін жасалған мереке болса, енді бір жағынан мал төлді, жер майлы болсын деген ырым. Сондай-ақ, ірі қара мал егіз туса – жаман ырымға балаған. Біреуін өзі алып, екіншісін көршінің балаларын жарыстырып, кім озса сол балаға беретін болған, - дейді бақташы.
«Қой жайып, көтен жеу» – қазақ өмірінде әлі күнге дейін бар дәстүр. Бұған аз-кем тоқтала кетелік. Қазақ отбасы соғым сойған кезде қойдың тоқ ішегіне құйрық майды айналдыра молынан жібереді. Қыс бойы арсада кепкен майлы ішекті өзге қоспа мүшелермен бірге қорадағы малының құтына балаған саулығы немесе биесі, өзге де аналығы төлдегенде, сол күні мал баққан қойшыға арнап асады.
Бұл – адал еңбек иесі малшыға жасалған құрмет, ынталандыру, әрі тіршіліктің көзі болған мал дәулетінің құты арылмауын тілеген ғұрыптық жосын. Мал төлдегенде оның алғашқы сүті қою әрі майлы да нәрлі болады. Уыз деген - осы. Малдың күйі жақсы болса жаңа туған төлі тауыса алмайды. Оны сауып бүйенге салып, асқан етпен бірге қайнатып қатырады. Осы уыз қосып асылған етті «көтен асу» деп атайды.
Қойшыға асылатын бұл кәделі асты кей өңірлерде жылқының көтен ішегіне май тығып та жасайды. Еліміздің солтүстік өлкесінде «көтен асу» – көрші-көлемді шақырып, кезекпен берілетін арнайы тілеу шай ретінде көрініс тапқан.