Биылғы жарты жылда құрылыс 15,2 пайызға өскен: министр құрылысшыларды құттықтады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Құрылысшы күні қарсаңында сала қызметкерлері мен ардагерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, үздік мамандарды ведомстволық наградалармен марапаттады, деп хабарлайды ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметі.

Фото: ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі

Салтанатты жиында министр құрылысшылардың кәсіби біліктілігі, жауапкершілігі мен қажырлы еңбегінің елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып отырған үлесін ерекше атап өтті.

Министрдің айтуынша, өткен жылы Қазақстанда 20 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріліп, бұл рекордтық көрсеткішке айналды. Сонымен қатар құрылыс жұмыстарының көлемі 2025 жылы 17,5 пайызға өссе, биылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша өсім 15,2 пайызды құрады.

Фото: ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі

Сондай-ақ отандық құрылыс саласының жетістіктері халықаралық деңгейде де мойындалып отыр. Биыл Қазақстанның орнықты әрі жайлы қалалық ортаны дамыту тәжірибесі Біріккен Ұлттар Ұйымы алаңында таныстырылып, Астананың даму үлгісі халықаралық қауымдастық тарапынан жоғары бағаланды.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес құрылыс саласын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған жүйелі реформалар жүзеге асырылу үстінде. Соның маңызды қадамдарының бірі – биыл күшіне енген жаңа Құрылыс кодексі. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасында жаңа қалалар мен елді мекендер бой көтеріп, заманауи инфрақұрылым нысандары салынып жатыр. Алдағы уақытта да кәсіби шеберліктеріңіз бен адал еңбектеріңіз ауқымды жобалардың табысты іске асуына және азаматтар үшін жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға үлес қоса береді деп сенемін, – деді Ерсайын Нағаспаев.

Іс-шара соңында құрылыс саласының ардагерлері мен мамандары «Құрметті құрылысшы», «Құрметті сәулетші» төсбелгілерімен, «Еңбек ардагері» медалімен және Алғыс хаттармен марапатталды.

Айта кетейік, осыған дейін Ерсайын Нағаспаев 2030 жылға дейін өңдеу өнеркәсібінде 478 жоба іске қосылатынын айтқан болатын.