Билайн абоненттері арасында әндері жоғары сұранысқа ие отандық орындаушылардың есімдері анықталды

АЛМАТЫ. 16 қаңтар. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - «Жігіттер» тобы мен әншілер Алмас Кішкенбаев, Мейрамбек Бесбаев, Қайрат Нұртастың орындауындағы әуендер ұялы байланыс операторы абоненттері арасында жоғары сұранысқа ие.

Аталмыш өнер иелері Beeline сауда белгісімен жұмыс жасайтын «Кар-Тел» ЖШС-нің «FunTone» әуендерінің өткен жылғы қорытындысы бойынша жасаған рейтінгісінде үздіктердің қатарынан орын алды.

«Кар-Тел» компаниясының өкілі таратқан ақпаратқа сүйенсек, бүгінгі күні ұялы телефондағы қоңырау үнін сүйікті әуендерге және көңілді дыбыстық хабарламаларға ауыстыруға мүмкіндік беретін - «Funtone» қызметін 1 миллионнан астам абонент пайдалануда. Қызмет каталогында әртүрлі мазмұндағы 5 мың туынды бар. Музыкалық композицияны немесе әзілді барлық қоңырау шалушыларға, нақты бір адамға немесе байланыс тобына орнатуға болады.