«Білезігі» бардың қылмысы бар» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 17 қыркүйек, сәрсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында « Еуразия» кинофестивалі Аймановтың рухына арналды» деген мақала көпшілік назарына ұсынылды. Осымен оныншы рет өткізіліп отырған Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің алғашқы мерейтойы ұлтымыздың айтулы режиссері Шәкен Аймановтың ғасырлық тойымен тұспа-тұс келді. Сондықтан да биылғы кинобайқау ЮНЕСКО-ның ресми күнтізбесіндегі атаулы мерекелердің қатарына енген ұлы қазақ режиссері Шәкен Аймановтың 100 жылдығына арналды. Кинододаға биыл Еуропа мен Азиядағы 30 елден 170 кинокартина келіп түскен. Соның ішінде 12 фильм негізгі байқауға қатысуға жіберілді. Олардың қатарында отандық киногер Ермек Шынарбаевтың «Дала дауысы» фильмі бар.

Бас басылымда «Бензин бағасы бұғаулы» атты мақала жарияланды. Кеше Үкімет отырысында инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша шаралар, сондай-ақ мұнай сервисі саласын дамыту мәселелері талқыланды. Бұл жөнінде отырыстың қорытындысына орай Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлім болды. Баспасөз мәслихатында мұнай саласы бойынша Энергетика бірінші вице-министрі Ұзақбай Қара­балин баяндады. Оның айтуынша, 2013 жылы мұнай сервисінің жалпы қызметі мен жұмысының көлемі 1,8 трлн. теңгені құрады. Соның ішінде мұнай сервисі нарығының негізгі сегменттері құрылыс-монтаж жұмыстары, бұрғылау, жобалау, инжиниринг, геофизикалық жұмыстар, ұңғымаға күрделі жөндеу жұмыстары бар. Олардың үлес салмағы 57 пайызға жетіп, 1 трлн. теңгеге жетіп отыр. Қазіргі күні Ұ.Қарабалин қатысқан жиындарда бензин бағасы туралы айтылмай қалуы екіталай. Себебі, бүгінде бензиннің құбылмалы бағасы кімді де болса алаңдатып отыр. Кешегі брифингте де вице-министрден бензин жайы сұралды. Бұл ретте Ұ.Қарабалин Қазақстан Үкіметі елімізде дизель отыны мен жанармайдың бағасын одан әрі көтеру туралы кәсіпкерлердің ұсынысын қолдамағанын жеткізді.

***

«Айқын» газетінің бүгінгі санында «Білезігі» бардың қылмысы бар» деген мақала берілді. Алдағы уақытта шартты түрде сотталғандар мен мерзімінен бұрын босатылғандар, сондай-ақ әкімшілік бақылау жазасына кесілгендерді қадағалау мақсатында, оларға электронды білезік тағылады. Бұл жөнінде Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу, Қылмыстық атқару, әкімшілік құқық бұзушылық кодекстерінің жаңа моделіне көшу мәселелеріне арналған семинарда айтылды. Бас прокуратура институтының ұйымдастыруымен өтіп жатқан семинарда сөз алған ішкі істер вице-министрі Ерлік Кенебаевтың айтуынша, жаңа Қылмыстық атқару кодексіне сәйкес шартты түрде сотталған және шартты түрде немесе мерзімінен бұрын босатылып, әкімшілік бақылау орнатылған адамдар үшін қадағалаудың электронды құралдарын енгізілуде. «Осы мақсатта Инвестициялар және даму министрлігіне қажетті құжаттар әзірленді. Бүгінде республикалық бюджет комиссиясы бұл мақсатқа 2,5 млрд теңгеге жуық қаржы бөлуді мақұлдады» деді вице-министр.

Осы басылымның жазуынша, Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен кешегі баспасөз мәслихатында мемлекеттік жоғары оқу орындарында бақылау кеңестері құрылып жатқанын жеткізді. Вице-министрдің дерегінше, басқарудың осы бір үлгісі 10 жоғары оқу орнына енгізіліп те қойыпты. Ал жыл соңына дейін бірнеше ЖОО-да бақылау кеңестері құрылады. Түсінуімізше, бұл кеңес ЖОО ректорларының құзыретін шектейтін секілді. Яғни бұдан былай университеттерді жалғыз өзі басқарып келген ректорлар бақылаушы кеңестің алдында есеп беретін болады. Бұл жайында «Ректорлардың құзыреті шектелетін болды» атты мақаладан толық оқи аласыздар.

***

«Экспресс-К» газетінің бүгінгі санында «С невестой за партой» деген мақала басылды. Алматыда «Жанұя» отбасылық мектебі ашылды. Осы жерде болашақ ерлі-зайыптылар арнайы оқытылған психолог-консультанттардан отбасылық өмірге дайындық бойынша курстардан өтеді. Мектептің ашылу салтанатына қатысқан қала әкімінің орынбасары Зәуреш Аманжолова көңілге қаяу түсіретін статистиканы да атап өтті. Биылғы жарты жылда қалада жеті мыңға жуық неке тіркелсе, 3 мыңға жуық неке ажырасуға бел буып отырған көрінеді.