Білген адамға имандылық рухани байлықтың бастауы - Балақыз Әміреқұлқызы
Немерелеріне ақыл-кеңес беріп, имандылық жолына тәрбиелеп отырған әжелерге деген халықтың құрметі ерекше. Сондай аналардың бірі Балақыз Әміреқұлқызы қазір Арыс қаласында тұрады. Ол 1938 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс ауданында дүниеге келген. Отағасы Насыр Төреханұлы екеуі бақытты ғұмыр кешті. Н.Төреханұлы 1934 жылы туған, 1982 жылы дүниеден озған екен. Екеуі Айтбек, Мұхит, Мұхтар және Бақытжан есімді төрт ұлды тәрбиелеп, оқу оқытып, еңбек жолына салған. Қазір балалары бір-бір шаңырақ иесі. Ал Раушан, Зәуре, Гүлсім және Жанар есімді инабатты келіндері жақсы жар, аяулы ана ретінде өз ортасына сыйлы болып жүр.
Балақыз апамыз бес уақыт намазын оқитын, балалары мен немерелеріне имандылықтың нұрын сеуіп жүрген, аузынан Алланы тастамайтын жан. Мұсылманның парызын орындау мақсатында Меккеге екі мәрте барып келгендігінің өзі көп жайтты аңғартса керек. Мұндай анамен сұхбаттасудың өзі үлкен мәртебе, тәлімді тәрбие. Оңтүстік өңірге барған сапарымызда Балақыз апамен сұхбаттасудың сәті түсті. Әңгімеміз адалдық, мұсылмандық, тазалық, ұлттық тәлім-тәрбие жөнінде өрбіп жүре берді.
- Алла қолдап, қажылық сапарға барып қайтқан екенсіз. Бұл мұсылманның өмірдегі басты армандарының бірі ғой. Осы сапарға қанша жыл дайындалдыңыз?
- Бұрыннан қажылыққа барсам ба деп жүргенмін. Жасым 30-дан аса «Қажылыққа барып, парызымды орындасам, арманым болмас еді» деген ой пайда болды. Ол кезде Кеңес Үкіметінің дәуірі, ойымызды ешкімге айта алмаймыз. Еліміз егемендік алып, еркіндікке қолы жеткенде менің арманым жақындай түсті. Халық мұсылмандыққа бет бұрды. Мен ниет еткеннен кейін балаларым тілегімді қабыл алды. 1996 жылы ұлым Айтбек кіші қажылыққа алып барды. Барлық пайғамбарларымыз жерленген жерлеріне зиярат еттік. Барғанда көп әсер алдық. Ол жерлердегі мұсылмандықтың сақталуы қандай екенін, тазалықтың, адалдықтың қандай екеніне көз жеткізесің. Бұрын білмей келген жайттарды біліп, рухани көзің ашыла түседі. Сол жерде: «Елімізге тыныштық болсын. Халқымыз аман-есен өсіп-өне берсін. Ұрпақтарымыз дені сау болып, жетілсін!» деп Алладан тілек тіледік. Ал 2007 жылы үлкен қажылыққа барып келдік. Бұл жолы үшінші немерем Бекзатты ертіп бардым. Үлкен қажылықтың шынында да әсері мол екен. Алланың берген қуатының арқасында ешбір жеріміз ауырмай-сырқамай, барлық борышымызды орындап шықтық.
- Күн ыстық болған шығар? Басқа да қиындықтар туындаған жоқ па?
- Күн өте ыстық болды. Дегенмен Алланың көмегімен қиындық көрмедік. Қасымыздағы мешітке барып, уақытында намазымызды оқып тұрдық. Күн сайын Қағбадағы үлкен мешітке барып намаз оқыдық. Әлемнің көптеген елдерінен келген адамдарды көрдік. Өте үлкен қариялар да бар. Кейбір жерлерге денсаулығы шыдамай бара алмаған қариялар да болды. Қағбаны жеті рет айналу керек. Сонда болған кезімізде Қағбаға үш рет барып, жеті рет айналдық. Қажылықтың басқа да жораларын атқардық.
- Немереңіз қандай әсер алды?
- Ол да мол әсер алды. Мен өзімді жақсы сезінгеннен кейін ол өз алдына ақсақалдармен бірге жүрді. Көптеген қария адамдардың ақыл-кеңесін тыңдап, көп тәлім-тәрбие алды. Өнегелі өсиеттер тыңдады. Мұсылманшылықтың тереңіне бойлай түсті. Қазір Алматыда оқып жүр. Мешітке барып, намаз оқып тұрады. Жайнамазын алып жүреді. Үлкен немерем Бағдәулетті де кішкентай кезінде оқысын деп мешітке бердім. Екі ай оқығаннан кейін имам: «Немереңіз аз уақыттың ішінде жақсы қабылдап, ислам негіздерін біліп алды», - деп Құран кітабын берді. Немерем мұсылмандықтың тәртібін сақтап келеді. Намазын оқып, мешітке барып тұрады. Алматыға барғанымда немерем сол қаладағы мешітке алып барды.
«Балаларым мен келіндеріме, тума-туыстың ұл-қыздарына мешітке барыңдар, мұсылмандық ілімнен сусындаңдар», - деп отырамын. Балаларым Құрбан айтта құрбандықтарын шалып, садақаларын тұрмысы төмендерге үлестіріп, мешітке барып тұрады.
- Ауылдық жерде ислам дінінің өріс алуы қалай?
- Бірінші жолы қажылыққа барып келгеннен кейін осы ауылда бірнеше әйелдер болып, жұма намазына мешітке барып жүрдік. Бізден үлкен әжелер де бар. Ауылымызда балалардың кооперативі салған «Шарапат» деген мешіт бар.
Білген адамға имандылық рухани байлықтың бастауы ғой. Біз Кеңес үкіметі тұсында 70 жыл бойы діннен қол үзе жаздап, көп жайтты білмей қалдық қой. Енді тәуелсіз ел болып, ислам дініне бет бұрғалы түзу заманға кез болғанымыз үшін Аллаға мың да бір шүкіршілік қыламыз. Осындай жағдайға қайта келгенімізге тәубе дейміз.
Ата-аналарымыз дінді ұстана алмады. Ол кезде партия қатал болды. Дегенмен жасырын түрде: «Ұйықтар алдында кәлимаға тілдеріңді келтіріп жатыңдар»,- деп айтатын. Соның бәрі санамызда жатталып қалды.
- Имандылық жолына бет бұрған жастардың қатары өсіп келе жатыр. Сонымен қатар өзге елдердің ықпалы ма, бұрыннан қалып қойған жаман әдет пе, арақ-шарапқа құмар жастар да бар, қыздар да кездеседі. Шылым шегетіндері де аз емес. Сондай жастарға не айтар едіңіз?
- Жастардың сондай әдепсіз қылығын көргенде менің жүрегім ауырады. Алматыға барып, балконнан қарағанымда, қазақтың қыздары екеу-үшеуден жиналып алып, темекі тартып тұрады. Немерелеріме бұның үлкен әбестік екенін айтсам, олар қалаларда ондай жағымсыз әрекеттер жиі кездесетінін айтады. Жат қылықты бойына сіңірген адамға ескерту айту түгілі, қарай алмай отырасың.
Өсіп келе жатқан немерелеріме «Ибалы бол, шырағым. Адал болсаң, бар жақсылық Алладан келеді. Қажылыққа барғанда Алланың жақсылығын көріп келдік. Біреудің ақысын жеме. Сауапты біл. Қолыңнан келсе, кішкентай болса да, тарыққан адамдарға қол ұшын созып, қамқорлық жаса»,- деп өсиет айтып отырамын.
Ішімдікке құмарту, шылым шегу - имандылық, адамгершілік жағынан да жат қылық. Олардың да ата-анасы бар шығар. Ақыл-кеңесін айтпайды ма, білмеймін. Әлде әке-шешесінен жасырып жүріп шылым шегіп, кейін қоя алмайтын жағдайға жететін болар. Жалпы, адам баласы әр нәрсеге шектеу қоя білуі қажет. Тәттіні де көп жесең, зиян ғой. Сол секілді мұсылман баласына дін жолымен шектеу қойылған әдеттерден аулақ болуы керек.
- Біздің еліміз зайырлы мемлекет. Дегенмен мектептерде баланы тазалыққа, өз дінін білуге жол ашып беретін имандылық сабағын оқыту керек шығар?
- Ауылдың ақсақалдары мен ақ жаулықты аналары бас қосқан кезде мектептерде сондай бір сабақтардың өткізілуі қажет екенін жиі айтып жүр. Ашық сабақ түрінде өткізуге болады. Қалай десек те, балаларды жақсылыққа тартып, дұрыс жолға бағыттау қажет қой. Имандылық жолында жүрген адамдармен кездесулер өткізу керек шығар. Мектепке имамдарды шақырып, оқушылар ислам дінінің негіздері жайлы естіп білсе, әдепті, тәртіпті, таза болу қағидалары саналарында жатталып қалары сөзсіз. Бұл да жақсы тәрбиенің бір жолы емес пе? Қажылыққа бармасам, мен де көп жайтты түсінбес едім.
- Меккеге барғанда қандай ерекше оқиғалар көзіңізге түсті?
- Мені соңғы жылдары қандастарымыздың ислам дініне бет бұруы қатты қуантты. Көп адам бардық. Зейнеткерлікке шыққан, бұрын мұғалім болған алматылық әйелдер болды. Олардың ықылас-ниеттері түзу, бірақ ара-арасында қалыптасып қалған әдеттеріне басып, емін-еркін сөйлеп кетеді. Өзара орысша да сөйлесіп жатады. Мен: «Қыздар, қай жерде отырсыңдар? Орамалдарыңды тастамаңдар»,- деп оларға шектеу қойып отырамын. «Ойпырым-ай, апа, сіздің есімізге салғаныңыз дұрыс болды ғой. Біз бұрынғы жүйемен еркін жүріп-тұруға үйреніп қалған екенбіз»,- деп жатады. Мен оларға ақыл-кеңесімді айтып жүрдім.
Меккеге алуан елден әр түрлі адамдар келеді екен. Олардың жылап-еңіреп, Аллаға құлшылық жасап жатқанын көзбен көрдім.
- Келіндердің отбасындағы рөлі, балалар тәрбиесі жөнінде қандай кеңес бересіз?
- Келіндерімізге «балаларды мүлдем бетімен жіберме немесе үйден шығармай бір жақты тәрбие берме», - деп білгенімізді айтып отырамыз. Кішкентай немере қызым Айзереге «сені әженің қызы дейді. Әдепті, тәрбиелі болып өс»,- деп үнемі оның ой-санасына құйып отырамын. Өзім төрт бала өсіріп тәрбиеледім, Аллаға шүкір. Ел-жұрт оларды жаман демейді. Адамгершіліктері жақсы. Немерелерімізді де дұрыс тәрбиелеуге ықпал еттім. Бағдәулетім оқуын жақсы оқыды. Ұстаздары мақтап жүрді. Ортаншы немерем Керім грантқа түсіп еді, жақсы оқып жатыр. Енді кішкентай немерем Бекзат биыл колледжді бітіреді. Телефонмен сөйлескенде сабағын, жағдайын сұраймыз. Жақсы оқып жатқанын айтады.
- Отбасында әкенің, ананың рөлі қалай болуы керек?
- Біздің заманымызда отбасының, ағайын-туыстың сыйластығы мол болды. Қазір де жаман емес. Әрбір шаңырақ әртүрлі ғой. Біздің ойға жиған тәрбиеміз бойынша ер адамды отбасында жоғары ұстау қажет. Әйел адам төмендеу, ер азаматының ынтымағында жүруі керек. Не істесе де ер адаммен ақылдасып алуы тиіс. Төрт келінім бар, бәрі де инабатты, ибалы. Немерелерім өсіп-өніп келеді, Аллаға шүкір. Кейбіреулер «келіндеріңді қалай біріктіресің?» деп сұрайды. Бәрін ынтымаққа шақырып, ақыл-кеңесімді айтып отырамын. Олар да үлкенді сыйлай білетіндіктен сөзіме құлақ асады. Қай жерге барсам да ел-жұрт жасымды үлкен деп сыйлап жатыр. Қадіріміз жаман емес. Ол үшін бәріне рақмет. Балаларымыздың тәртіптілігі шығар. Елге істеген адал қызметінің бағалануы болар. Біз қанша қадірлі болсақ, осы балаларымызбен жақсы боламыз ғой. Қазақ «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дейді. Немерелерім де әкелерінің жолын қуып, ілтипатты болып, елге жағымды, халыққа сүйкімді адам болатын шығар деп сенім артып отырмын.
- Басыңыздан өткен қызықты бір оқиғаны айтып берсеңіз?
- Мектепте оқып жүргенімде шешем ауырып қалды. Тоғызыншы сыныптан кейін оқи алмай қалдым. Сол кезде оқуды армандап жүрдім. Сөйтіп жүргенде ұжымшарда еңбек еттік. Анам да кезінде стахановшы болған. Мен де жақсы жұмыс істеп, газетке шығып, ауылдық кеңеске депутат болдым. Мақта теруге шығып, бір өзім күніне 500 килә мақта тердім. Сол кезде мақта теруші қыз-келіншектердің ішінде ешкімге жүлде бермейтін бригадирдің әйелі бар екен. Ол қырықтар шамасындағы әйел. Менің мол өнім жинайтынымды естіп, «сол қызбен жарысқа жеке шығамын»,- депті. Содан ұжымшар арнайы екеумізге жарыс ұйымдастырды. Бастапқыда оның жеке шығамын дегеніне қорықтым. Кәрі әжем бар еді, ол Алладан тілек тіледі. Не керек, екеуміз мақта жинауға кірісіп кеттік. Оның тәжірибесі мол, түске дейін мен одан қалыңқырап қойдым. Жасы 40-тан асқан адамның қуаты қайта ма, түстен кейін мен оза бастадым. Сөйтіп, мәреге бірінші болып жеттім. Ол кезде 16 жастамын. Ұжымшар мәреге жалау тігіп қойыпты, осы жарысқа арнап мал сойыпты. Жарыс жеңімпазы ретінде маған іс тігетін машина сыйлады. Машинада «1956 жыл» деген жазу бар. Ол әлі күнге дейін жұмыс істеп тұр. Балаларға сол машинамен көйлектерін тігіп едім, кейін немерелеріме киім тігіп бердім.
- Меккеге барып, қажылық парызын өтеп қайтқан мұсылманның арманы жоқ шығар. Дегенмен адамның арманы таусылған ба?! Қандай мақсаттарыңыз бар?
- Балаларымыз бен немерелеріміз аман жүрсе, істері алға басса, қызмет орындарында қадірлі болса, ешкім «Ой, мынаның істегені қалай?!» демесе, жаман әдеттерден аулақ болып, имандылық жолында адал жүрсе деген арманым бар. Өзімде қыз болған жоқ. Немере қыздарым өсіп жатыр көздері жалтырап. Осылардың алдында жамандық көрмей, абыроймен өтсек деген арманым бар, айналайын.
Аллаға шүкір, өзіміз де уағында жақсы отбасы құрғанбыз. Отағасы меймандос, оқыған, өзі бір ақжарқын, түсінігі мол адам еді. Сол кезде де бір-бірін ренжітіп жүретін отбасылар болды ғой. Бірақ біз ұрыс-керістің не екенін білген жоқпыз. Отағасы екі жерде жұмыс істеді. Абыройлы болды. Үлкен қаракөл кеңшарында бас мал дәрігері болды. Ол кезде ауылда қонақ үй деген болмайтын. Біздің үйіміз келген меймандар тоқтайтын орталық болды. Қонақтарды ашық қабағымызбен, ыстық тамағымызбен күте білдік. Ол кезде әйелдер көбіне бала бақты, үйге қарады. Отағасының жұмысы іркіліссіз болсын деп, үйін жайнатып отыруға тырысты. Сол кезде іс-тәжірибеден өтуге Алматыдан бір жас қыз келген еді. Ол: «Апай, қалай бәріне үлгересіз? Сіздің мынадай қонақ күтіп, күні-түні жүрген қызметіңіз үшін арнайы еңбек кітапшасын ашып қою керек қой», деген еді. «Ой, қайдам» дейтінмін. Ең бастысы, әрдайым адамды абыройдан ажыратпасын.
- Әмин! Айтқаныңыз келсін. Немерелеріңіз өз қатарының алды болып, халқына адал қызмет етеуіне тілектеспін!