Билік өкілеттіктерін бөлу Қазақстанның демократиялануы тұрғысында барынша өзекті - сарапшы

АСТАНА. ҚазАқпарат -  Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауы әр уақытта да стратегиялық құжат, елдің одан ары дамуының белгілі бір іс-қимыл жоспары саналады.

 Мұндай пікірді ҚазАқпараттың Әзербайжандағы арнаулы тілшісі Бекбау Таймановқа «Қазақстан-Әзербайжан» достық қоғамының президенті Эльдар Гюайдин білдірді.

«Мұны «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» тақырыбындағы кезекті Жолдауы тағы да дәлелдей түседі. Қазақстан басшысы өзінің Жолдауында соңғы жылдардағы жетістіктерді еске түсіре келе, елдің әлеуметін толық көлемде жүзеге асыру қажеттігін атап көрсетеді», - деді ол.

Оның пайымдауынша, таяу болашақта Қазақстанның әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіретіндігіне ешқандай күдік жоқ. Шын мәнінде республика дәл осы мақсатқа қарай сенімді қадам басып келеді.

«Көреген Көшбасшысының басшылығымен бауырлас Қазақстан қазірдің өзінде үлкен жетістіктерге жетті, биік  белестерді бағындырды. Мұны халықтың жоғары өмір сүру деңгейі, олардың жоғары әл-ауқаты, экономикадағы тұрақтылық, сонымен бірге елдің халықаралық аренадағы беделі көрсетіп отыр», - деді сарапшы.

Оның атап өтуінше, 2017 жыл ҚР Президентінің өз өкілеттіктерін Үкімет пен Парламент арасында қайта бөлу туралы стратегиялық маңызы бар шешім қабылдануымен айрықша болмақ. Бұл қадам Қазақстанның демократиялану процесін жалғастыру тұрғысында барынша өзекті бола түспек әрі ол өзінің оң нәтижесін беретін болады.

«Біз Қазақстанның табысқа жететіндігіне шынайы сенеміз. Жас мемлекеттің алдында көптеген жоспар мен міндет бар және Жолдау халықтың өз Көшбасшысымен алға ұмтылуына мүмкіндік береді», - деді Эльдар Гюнайдын.