Билік тармақтары өкілеттіктерін қайта бөлу бойынша жұмыс тобы құрылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Мемлекеттік биліктің тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі жұмыс тобын құру туралы өкімге қол қойды.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметінен хабарлады.

Жұмыс тобын Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы басқарады. Оның құрамына Қазақстан Республикасы Парламентінің, Үкіметінің, Жоғарғы Сотының, өзге де мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ заңгер қоғамдастығы мен ғылыми-сараптамалық қауымдастықтың өкілдері кірді.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бұған дейін Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты жиында билік тармақтары арасындағы өкілеттілікті қайта бөлу мәселесін көтерген болатын.

«Жаңа мемлекеттілік құру мен реформалардың сәтті іске асуына мықты президенттік билік себеп болды. Оны Тәуелсіздік тариxы ашық көрсетті. Енді, мемлекет дамуының жаңа кезеңінде Парламент пен Үкіметтің жауапкершілігін күшейту мәселесін қарастыру қажет. Қазақстанда президенттік басқару формасы бұған дейін болған, болады да. Соның барлығы Ата Заңымызда көрсетілген. Біздің тариxымыз да, салт-дәстүріміз  де соған сай келеді. Дегенмен, бүгінде Президент, Парламент пен Үкімет арасындағы өкілеттіліктерді үйлестіру мәселесін қайта қарап шығатын уақыт келді», - деп атап көрсеткен еді Н.Назарбаев.

Осыған байланысты Н.Назарбаев арнайы комиссия осы мәселені жан-жақты зерделеп, тиісті ұсыныстарын жасауы тиіс екендігін атап өтті.

Айта кетерлігі, комиссия жұмысының қорытындысы бойынша заңдарға, тіпті Конституцияға да өзгеріс енгізілуі мүмкін.