Оның айтуынша, Елбасымыз билік өкілеттіктерін бөлісу реформасы арқылы мемлекет дамуының келесі белесіне жол ашып берді.
«Тәуелсіздігімізді алған алғашқы жылдарда мемлекеттігімізді қалыптастыру үшін билікті орталықтандыру қажет болған еді. Қазақстан қазір әлем мойындаған, экономикасы өркендеп, әлеуметтік, саяси жағынан қалыптасқан іргелі ел болып отыр. Ендігі арада демократия үрдістеріне орай, билікті бөле атқару бағытында бірқатар жұмыстар жүргізілмек», дейді кейіпкеріміз.
Сонымен қатар, ол бұл ең алдымен Ата Заңымыздағы кейбір баптарды өзгерту арқылы Парламент пен Үкімет құзыретін кеңейту шараларынан көрініс табатынын да айтуда.
«Бұрын Президент құзырында болған қырықтан астам міндеттер Парламент пен Үкіметке берілетін болады. Осыған орай, Парламенттің Үкімет құрамын жасақтап, бекітудегі рөлі арта түспек. Сот және прокуратура органдары жүйесінде де біраз өзгерістер болады деп күтілуде. Жергілікті атқарушы органдар мен өзін-өзі басқару жүйесіне қатысты да оң өзгерістер жасалатын болады. Расында да бізге беделді Парламент, халыққа есеп беріп отыратын Үкімет керек. Сол себепті, саяси реформа ең алдымен халықтың талқылауына ұсынылып отырғаны құптарлық.
Осы орайда, жергілікті жерлерде Елбасы Үндеуін халыққа жеткізу, оны түсіндіру жұмыстарына халық Ассамблеясы белсенділері мен ұлттық этномәдени орталықтар, ардагерлер, басқа да қоғамдық ұйымдар белсене атсалысуы қажет. Өзім жетекшілік ететін Ақмола облыстық ардагерлер кеңесі бұл тұрғыда белсенділік танытады», - дейді Ғ.Төлеғұл.