"Менің ойымша, Мəжілістегі үш фракция мерзімінен бұрын сайлау өткізу туралы ұсынысты дұрыс айтып отыр. Елбасының бес институттық реформасы əрбір қазақстандықтың өмірін жақсартуға бағытталған реформа ғой, міне, қазіргі Мəжіліс осы реформалардың заңнамалық негізін қалыптастырып берді. Ендігі міндет - ұлттық заңнамамызды жетілдіре түсу, заң нормаларының сақталуына кепіл болу, бір сөзбен айтқанда, бес институттық реформаны осы заң жобаларына сүйене отырып, іс жүзінде жүзеге асыру. Яғни, халық та, билік те, парламент те жаңа күш-жігермен, жаңа көзқараспен жаңа практикалық қадамға аяқ басу керек. Сондықтан, қоғамдық қорымыз жəне Ауған соғысының ардагерлері де Мəжілістің кешегі үндеуін қолдайды",-деді Қ. Елубаев.
Естеріңізге сала кетейік, кеше таңертең Парламент Елбасы Н.Назарбаевқа өзін-өзі тарату туралы үндеу жолдады. «Біз Мәжілістегі «Нұр Отан», «Ақ жол», Қазақстанның халықтық коммунистік партиясының парламенттік фракцияларының өкілдері еліміз үшін ең тағдырлы кезеңде тарихи мәні бар үндеу жариялау үшін жиналып отырмыз. Қазақстан халқына және Елбасына жолдайтын үндеуіміз Ұлт жоспары мен дағдарысқа қарсы шараларды қай партияның жүзеге асыруын айқындайтын халықтың сенім мандатын анықтап алуды көздейді», - деген еді үндеуді оқыған Мəжіліс депутаты Н.Әбдіров.