Білікті кадрларды даярлау ісі мемлекетіміздің даму үрдісіне сай қалыптасуы қажет - Г. Әбдіқалықова (ФОТО)
«Мемлекет басшысының «Қазақстан жаңа жаһандық ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауын іске асыруға, оның ішінде дағдарысқа қарсы жобаларға «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алған мамандардың атсалысуына аса үлкен мән беруіміз қажет. Сол себепті, бүгінде елімізде білікті кадрларды даярлау ісі мемлекетіміздің даму үрдісіне және Елбасы белгіліп берген басым бағыттарға сай қалыптасуы қажет деп ойлаймын»,-деді Мемлекеттік хатшы.
Атап айтқанда, 2016 жылдан бастап стипендия алуға үміткерлерге қойылатын талаптар күшейтілді. Өзгерістер шет тілін білу деңгейіне, дипломның орташа балына, жұмыс өтіліне қатысты енгізілді. 163 позициядан тұратын басым мамандықтар тізбесі жаңартылды, оның 41 пайызы инженерлік-техникалық мамандарды даярлауға бағытталған.
Комиссия отырысында «100 нақты қадам» - Ұлт жоспарының жобалары үшін мақсатты тапсырыстар тұрғысында мамандарды нақты даярлауға бағытталған тағылымдама бағдарламасы бойынша «Болашақ халықаралық стипендиясының конкурсына қатысу үшін қызметкерлер санаты анықталды.
Отырыста Г. Әбдіқалықова «Болашақ» стипендиясын іске асыру тетігінің тиімділігін одан ары қарай жетілдіру және арттыру бағытында бірқатар тапсырмалар берді.
Отырыстан кейін тілшілерге берген сұхбатында ҚР Білім және ғылым министрлігі «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Ғани Нығыметов 2016-2020 жылдарға арналған бес жылдық даму стратегиясы қабылданғанын еске салып өтті.
«Осы жылдан бастап, аталған стратегияны іске асыруға толықтай кірісеміз. Бұл құжаттың басты мақсаты - ол «100 нақты қадам» - Ұлт жоспарына негізделген. Сондықтан, бес реформа аясында жаңа кадрларды даярлауға ерекше мән беріп отырмыз. Сол себепті, біздің тағылымдама бағдарламасы бойынша, сондай-ақ магистратура, докторантура бағдарламалары бағытында мамандарды даярлаймыз. Биылғы жылы мемлекет тарапынан 700 стипендия бөлінді және оның көбісі техникалық мамандықтарға арналған»,-деді Ғ. Нығыметов.