Билікті жөнсіз сынап, беделін түсіріп тастадық – Мәжіліс депутаты

Видеодан алынған кадр
АСТАНА. ҚазАқпарат – Әкімдер мен министрлердің жұмысын сынар алдында нақты дәлелдер болуы қажет. Билікке қатысты сын мәселесін Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев Jibek Joly телеарнасындағы «JJ Talk» бағдарламасының эфирінде қозғады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз әкімдерді жөнсіз сынаймыз. Оларды кім сынай алады? Әкімдіктің бюджетін көріп, қанша қаражаты болды, ол жұмсалды ма, жұмсалмаса оған не себеп - соған көз жеткізіп барып айту керек. Менің айтпағым, өкінішке қарай, біз билікті әбден, жөнсіз сынай беріп, оның беделін түсіріп тастадық. Егер әкімдерді кінәлі дейтін болсақ, онда сөзімізді дәлелдеуіміз қажет», – деді Анас Баққожаев телебағдарлама эфирінде.

Оның айтуынша, әкімдер орталық атқарушы органдар бекіткен ережеге сүйеніп жұмыс істейді.

«Әкім бюджеттік кодекспен жұмыс істейді. Ол ережелерге Мәжіліс тікелей ықпал етеді. Егер жүйені жақсартып қойса, онда әкімдер ешқайда бара алмайды. Сөзден іске көшіп, жұмыс істеуіміз керек. Қоғамда көп сын айтылады. Мысалы, ауыл шаруашылығы саласын алайық. Министрлік жұмыс істемейді деп айттық, олай айту үшін дәлел керек. Мен ауыл шаруашылығы саласының маманымын, салаға қатысты проблемаларды білем», - дейді ол.

Айта кетсек, Jibek Joly телеарнасындағы «JJ Talk» бағдарламасының эфирінде Мәжіліс депутаттары ел дамуына қатысты бірқатар жайттарды көтеріп, ұсыныстарын айтты.

Депутат Ерлан Сайыров міндетін дұрыс атқармаған министрлерді орнынан алу жөнінде ұсыныс айтылатынын және нақты кандидаттардың да барын мәлім етті.

Одан бөлек, халық қалаулысы бұрынғы министрлердің табысы мен дүние-мүлкін тексеру керектігін алға тартты.

Сондай-ақ, Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов елімізде шағын және орта бизнесті дамытамыз десек несиенің 6-7 пайызбен берілуі тиістігін атап өтті.