Біліктіліктерін шыңдаған бухгалтерлер «кәсіби бухгалтер» сертификаттарын алды
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы» ҚР Заңына сәйкес 2012 жылғы қаңтардың 1-інен бастап бұқараның мүддесі бар ұйымдардың бас бухгалтерлері болып тек кәсіби бухгалтерлер, яғни «кәсіби бухгалтер» сертификаты бар мамандар ғана тағайындалады. Осы мақсатта 2007 жылы Қаржы министрлігі жанынан «Қаржы жүйесі органдарының мамандарын даярлау, қайта жаярлау және біліктіліктерін арттыру орталығы» АҚ құрылып, ол бүгінгі күні кәсіби бухгалтерлер, қаржыгерлер, экономистер және басқа да мамандықтар бойынша оқытуларды жүргізуде.
2009 жылдың ақпанынан бастап 500-ден астам кандидат Орталықта сертификаттау пәндері бойынша оқудан өтті. Оқыту Қазақстанның барлық өңірлерінде қазақ және орыс тілдерінде жүргізілді. «Халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкес бухгалтерлік есеп», «Салық және салық салу», «Азаматтық құқық» пәндері бойынша білімдерін қуаттаған олардың 69-ы бүгін тиісті сертификаттарға ие болды.
Н.Коржова оларды құттықтай келе, бүгінде Орталықтың өзінің колледжі және Қаржы академиясының 1-ші курсы ашылғандығын жеткізіп, алдағы жоспарларда аталмыш Академияның базасында Ресей Федерациясы мен Ұлыбританияның үздік жоғары оқу орындарымен бірлескен университет құру бар екендігін баяндады.
Сертификаттау пәндері бойынша білім алғандардың арасында мына компаниялардың қызметкерлері бар - «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ, «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ, «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ, «Қазагро» Ұлттық холдингі» АҚ, «Ұлттық медициналық холдингі» АҚ, «Балаларды оңалту республикалық орталығы» АҚ және басқалар.
Айта кетейік, Қазақстанда бұқараның мүддесі бар ұйымдарда барлығы 4 мыңнан астам бухгалтер жұмыс істейді.