***
«Алаш айнасы» газетінің бейсенбілік санындағы «Мәселе» айдарында «Мектеп жасындағы «мамалар» көбейіп барады» деген тақырыппен проблемалық мақала жарыққа шықты. Онда Шымкент қаласындағы мектептердің бірінде 16 жасар қыздың жүкті болып қалғаны туралы жазылып, осындай фактілердің республикамыздың барлық мектептерінде жиі кездесетіні көтерілген. «Қолда бар мәлiметтерге сүйенсек, былтыр денсаулық сақтау басқармасы мектеп жасындағы 250 қыздың жүктi болып қалғанын анықтаған. Өкiнiшке орай, олардың жүктiлiгi мерзiмiнен бұрын үзiлiптi. Көбi шаранадан құтылудың түрлi амалдарын көздеп, қылмыстық әрекетке жиі баратын көрiнедi. Облыстық бiлiм басқармасында Мақтаарал ауданындағы А.Байтұрсынов атындағы орта мектептiң 11-ші сынып оқушысы баласын босанғаннан кейiн өлтiрiп, әжетханаға тастап кеткенi туралы факт тiркелген. Ал құрсағына бала бiткенiн бiлген кейбiр қыздардың «ағайын-туыстан ұят, iшiмдегiнiң көзiн құртайын» деп шарананы iштен тұншықтырып, аборт жасатып жүргендерi қаншама?..», деп жазады басылым. Мақалада көтерілген бүгінгі күннің өзекті мәселесіне назар аударыңыз.
«ҚР Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігінің мамандары таратқан мәліметке сүйенсек, бүгіннен бастап еліміздің Ақмола өңірі мен елордада ауа райы қолайсыз болады. Мұнда оңтүстік-батыстан жылдамдығы секундына - 20, кей жерлерде 25 метрге дейін жететін боран соғады. Осыған байланысты еліміздің Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігі тұрғындарға алыс жолға шыққанда абай болуды ескертеді. Сондай-ақ Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Павлодар және Қарағанды облыстарында бұрқасын күшейе түседі деп болжанып отыр. Әсіресе, Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстарының кей аймақтарында соққан желдің екпіні секундына 22-25 метрге дейін жетеді», деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Шағын мақала «Елордаға боран келе жатыр» деген тақырыппен басылған.
«Білім беру мекемелерінде намазханалар ашу қажет пе?». «Алаш айнасы» газетінің «Ой-көкпар» айдарында соңғы уақытта елімізде жастар имандылыққа жаппай бет бұрып жатқандығы баяндала келе, бірақ кейде жастар білім алатын орындарында мұсылмандық парызын орындауға байланысты қайшылықтарға тап болып жататындығын атап өткен. Осыған орай жоғарыдағы сауалды ЖОО қауымдастығының президенті Рахман Алшановпен «Ақ орда» республикалық қозғалысы төрағасының орынбасары Қанат Мұсағұловқа қойған. Рахман Алшанов «Өз басым білім ошақтарында намазханалардың болғанын қаламаймын. Қарапайым тілмен түсіндірейін, бізде мемлекет пен дін бір-бірінен бөлек тұрады. Оларға бір көзқараспен, ортақ түсінікпен қарауға болмайды. Бұл Қазақстанның Ата заңында жазылған» десе, Қанат Мұсағұлов «Менің ойымша, керісінше білім беру ошақтарында намаз оқитын орындарды көбірек ашу керек. Себебі намаз арқылы адам тазалыққа, жақсылыққа, адалдыққа үйренеді. Намазханалардан қорқып, ат-тонды ала қашудың еш қажеті жоқ. Біз Ислам жолын шынайы түсініп, Алла алдындағы парызымызды орындауымыз шарт», деп өз ойын білдірген.
***
«Айқын» газетінің ҚР Президенті баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауынша, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев әдебиетші ғалым Рымғали Нұрғалидың дүниеден өтуіне байланысты, марқұмның отбасы мен туған-туыстарына көңіл айтып, жеделхат жолдаған. «Рымғали Нұрғалиев бүкіл өмірін рухани ағарту ісіне арнады. Академик Нұрғалиевтің қызметі мен жарқын бейнесі біздің халқымыздың есінде мәңгілікке сақталады» - делінген жеделхатта.
Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің кезекті отырысы өтті. Осыған орай «Айқын» газетінің бейсенбілік нөмірінде «Ұлы жеңіс Қазақстан тарихының жарқын беттерінің бірі болып табылады» деген тақырыппен көлемді мақала жарияланды. Басылымның жазуынша, кеңес мүшелері 2007-2012 жылдарға арналған Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын жүзеге асыру барысын талқыға салып, алдағы кезең міндеттерін саралаған. Сонымен қатар Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығына дайындық және мерекелеу жөніндегі шаралар кешеніне қатысты мәселе көтерілген. Елбасының төрағалығымен өткен кеңесте айтылған жайттардың егжей-тегжейін білгіңіз келсе, басылымның бүгінгі санына назар салыңыз.
Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен кеңес жұмысы «Астана ақшамы» газетінің де назарынан тыс қалмаған. Басылымда «Ешкім ескерусіз қалмайды» деген тақырыппен басылған мақалада сол алқалы жиын жайы тарқатыла жазылған. Газеттің жазуынша, қазақстандық Ұлы Отан соғысының ардагерлері Ресей, Беларус, Украина және Еуроодақ елдерінің аумағында Ұлы жеңістің 65 жылдығына орай өткізілетін салтанатты іс-шараларға қатысады. Сонымен қатар мерейтойлық датаның құрметіне «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығы» медалін шығару жсопарланып отыр.
«Әлемдік қаржы дағдарысына қарамастан Қазақстан 2007-2012 жылдарға арналған Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы шеңберіндегі міндеттердің көпшілігін орындаған. Бұл туралы сәрсенбі күні өткен Қауіпсіздік кеңесінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті», деп жазады «Экспресс К» газеті. Жабық режімде өткен алқалы жиын барысына кеңінен тоқталған басылымның жазуынша, Жеңістің 65 жылдық мерейтойын атап өтуге дайындық мәселесі бойынша есеп берген вице-премьер Ербол Орынбаев ардагерлер мен тыл еңбеккерлерін материалдық қолдау мақсатында Үкіметтен 5,8 миллиард теңге бөлінгендігін мәлім еткен.
Қауіпсіздік кеңесінің отырысы жайында «Казахстанская правда», «Известия Казахстан», «Литер», «Комсомольская правда Казахстан» газеттерінен де егжей-тегжейлі оқи аласыздар.
«Айқын» газетінің бүгінгі нөмірінде Кремльдің сыртқы саясаттағы сенімді елшісі Сергей Лавровтың осы аптаның аяғында Астанаға жұмыс сапарымен келетіндігі жайында шағын мақала жарияланды. Онда аталған тұлғаның сыртқы саясаттағы қол жеткізген жетістіктеріне шолу жасалған. «Ресейдің СІМ жетекшісінің қазаққа деген ықыласы тәуір. РФ-ның Сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың шақыруымен Қазақстанның Мемлекеттік хатшы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев ресми сапармен Мәскеуге барып қайтты. Бұл Саудабаевтың Сыртқы істер министрі ретінде шетелге алғашқы сапары. Кездесу барысында қос министр Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіне дайындық, «Байқоңыр» ғарыш кешенін бірлесіп пайдалану мен трансшекаралық өзендерге ортақтасу мәселелерін талқылады», деп жазады басылым.
***
«Н.Назарбаев: гуманизм және саяси ерік» атты кітап жарық көрді», деп жазады «Нұр Астана» газеті. Басылымның жазуынша, кітапта Мемлекет басшысының баяндама, мақала, еңбектері негізінде оның барлық саяси -мемлекеттік қызметіне қатысты ғылыми пайымдау айтылған. Сондай-ақ онда Н.Назарбаев туралы әлемнің көрнекті саясаткерлерінің, ғалымдарының, қоғам қайраткерлерінің пікірлері берілген. Авторлары - ҚР Парламенті Сенатының депутаты Оралбай Әбдікәрім, философия ғылымдарының докторы, профессор Ирина Хан.
Кеше ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінде Тіл комитетінің Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың үйлестіру-әдістемелік республикалық орталығы әзірлеген «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшісінің тілдік портфелі» жүйесінің тұсаукесер рәсімі өтті. Осыған орай «Нұр Астана» газетінде «Тілдік портфель» шенеуніктің әліпбиіне айналады» деген тақырыппен мақала жарияланды. Онда аталған жүйе жайында кеңінен жазылып, министрліктің жауапты хатшысы Жанна Құрманғалиеваның «биылғы жыл тілдің мерейін өсіріп, мәртебесін арттыратын жақсы шаралармен басталуда. Соның бірі - жаңадан әзірленген «тілдік протфель» жүйесі. Бұл Елбасы тапсырмасын орындаудағы серпінді жобалардың жалғасы» деген сөзі келтірілген.
***
«Мемлекеттік қызметкердің қарым-қабліеті - мемлекеттің бейнесін нақтылайтын нышандардың бірі. Ендеше олардың өз ісіне ұқыппен, жауапкершілікпен қарауы аса маңызды. Бұл тұрғыда елордада қалыптасқан ахуал нешік? Осынау сауалдың жауабы кеше Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің Астана қаласы бойынша басқармасының 2009 жылды қорытындылауға арналған кеңесінде талқыланды», деп жазады «Астана ақшамы» газеті. Кеңес барысында айтылған жайттардың егжей-тегжейімен басылымның бүгінгі санында «Мемлекеттік қызметкердің міні мен міндетті» деген тақырыппен жарияланған мақаладан таныс бола аласыздар.
Ақпанның 16-сы күні белгілі ғалым, жазушы, филология ғылымдарының докторы, профессор, академик Рымғали Нұрғали өмірден озды. Көрнекті ғалыммен еліміздің бірқатар қоғам қайраткерлері, ғалымдары, жазушылары «Астана ақшамы» газеті арқылы бақұлдасты. Сонымен қатар ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигімен бақұлдасу мәтіндері басқа да мерзімді басылымдарда жариялануда.
***
«Әлемдік экономиканы шарпып өткен дағдарыс біздің қаржы жүйеміздің мықтылығын сын тезінен өткізгені рас. Қаржы нарықтарын қамтыған тұрақсыздық экономикамызда көрініс таппай қоймады», деп жазады «Экономика» газеті «Қаржы нарығы тұрақтанады» атты мақаласында. Басылымның жазуынша, Халықаралық қаржы нарықтарының құбылмалылығы және әлемдік экономиканың дамуының жіті перспективаларының айқындалмауы халықаралық рейтингтік агенттіктердің ел рейтингін төмендетуіне себеп болған. Халықаралық нарықтардағы қор бөлудің неғұрлым қатаң шарттары қазақстандық банктер үшін сыртқы қаржыны тарту мүмкіндігін қиындатып жіберген. Жарияланымда еліміздің қаржы нарығына қатысты айтылған мәселелермен басылымның бүгінгі санынан жақын таныса аласыздар.