Бұл туралы бүгін Алматыда "Жастардың тәрбиесі - мемлекет дамуының кепілі" деген тақырыппен жоғары оқу орындарының тәрбие жөніндегі проректорларының қатысуымен өтіп жатқан республикалық есептік конференцияда айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Білім беру жүйесіндегі тәрбие жұмыстарының тұжырымдамасы бұрын балабақшада, орта білім беру мекемелерінде бөлек, жоғары оқу орындарында бөлек болатын. Біз балабақшадан басталатын тәрбие жұмыстары тұжырымдамасын жасауымыз керек дедік. Оның жобасы жасалып, Астанада таныстырылымы өтті. Қазір әр ұжымда қаралуда. Алдағы күндері ол құжат министрлікте қабылданады", дейді Білім және ғылым министрінің кеңесшісі Венера Жексембекова. Оның айтуынша, мамандар бұл тұжырымдама жобасын әзірлеу кезінде өзгелердің дайын үлгісін көшіріп алмай, қазақстандық үлгісін жасап шықты. Ол республикалық есептік конференция кезінде де жан-жақты талқыланбақ. Мұндай шаралар 3-4 күннен кейін Қызылордада, қазанның 26-27 күндері - Қостанайда, ал қараша айында Семейде жалғасатын болады.