16:23, 30 Сәуір 2009
Білім беруде жалпыға ортақ әлемдік стандарт жоқ ? академик К. Нәрібаев
АЛМАТЫ. Сәуірдің 30-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Білім беруде жалпыға ортақ әлемдік стандарт жоқ. Бұл туралы бүгін Алматыда өтіп жатқан «Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілеттілігі ретінде жоғары білімді жетілдіру» деп аталатын халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция кезінде айтылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Білім беруде жалпыға ортақ әлемдік стандарт жоқ. Әр елдің өзінің мемлекеттік стандарты бар. Сондықтан осындай стандарт бар екен оны өзімізге кіргізе қоялық деген болмайды. Қазіргі таңда Еуропа елдері өз білім беру жүйелерін бір-бірімен байланыстырмаққа ұмтылуда. Бірақ олардың ұлтық білім беру жүйесі жойылып кетпейді. Ұлттық ерекшеліктері, тілі, мәдениеті, тарихы қалады. Бірақ барлық елге, халыққа ортақ компоненттер бар. Осы ортақ қағидаларды анықтап, белгілеп, өзара келісім жасау керек. Қазір барлық университеттерге кредиттік технологияны енгіздік. Бұл Болон декларациясының бір талабы», - дейді ҚР ҰҒА академигі Көпжасар Нәрібаев. Оның айтуынша, кредиттік технология да жаңа басталған қадам. Ол әлі түгелімен енгізіліп болған жоқ. Қазір Қазақстандағы білім берудің ұлттық моделі жасалып жатыр.