«Бота» қорының баспасөз қызметінен хабарлағандай, сауалнамалар үстіміздегі жылғы сәуірдің 9-ына қабылданады. Бағдарламаның нәтижесінде 100-ден астам үміткер білім грантының иегері атана алады. Грант жыл сайын ұзарту мүмкіндігімен бір жылға беріледі. Грант жеңімпаздарының есімдері тамыз айында белгілі болады.
Білім гранты бағдарламасы әлеуметтік көмекке зәру, бірақ сабақ үлгерімі бойынша жоғары көрсеткіштерге ие азаматтарға Қазақстанның кез келген колледждерінде не ЖОО-да білім алуға мүмкіндік береді. 2009 жылы «БОТА» қорының Білім гранты бағдарламасы тарапынан бағдарламаның академиялық және қаржылық талаптарына жауап беретін 87 грант бөлінді. Грант оқу өтемақысымен қоса, панажай, жол және күнделікті шығындарды жабатын шәкіртақыны қамтиды. Сонымен қатар, грант иегерлері бір жыл ішінде бойындағы қасиеттерін ашуға көмектесетін кәсіби даму семинарларына қатысу мүмкіндігіне ие.
Келесі талапкерлер бағдарламаға қатысуға құқылы: Колледжге не жоғары оқу орнына бірінші рет тапсырып жатқан, не бұған дейін қабылданбаған 11-сынып оқушылары немесе түлектері; Жоғары оқу орнына бірінші рет тапсырып жатқан, не бұған дейін қабылданбаған колледждің соңғы курсының студенттері немесе түлектері. Ал ЖОО-ның студенттері бағдарламаға қатыса алмайды.
Білім гранты бағдарламасы ашық байқау. Бұл байқауға Қазақстанның кез келген аймағынан бағдарлама талаптарына жауап беретін үміткерлер қатыса алады. Десек те, артықшылық табыс, тұтыну және отбасы құрамы көрсеткіштері негізінде әлеуметтік жағдайы аса ауыр отбасылардағы үміткерлерге беріледі. Әрине, үміткерлер жақсы оқи алатын әлеуетін көрсете алулары керек. Білім гранты бағдарламасына үміткерлерді таңдау барысына тәуелсіз іріктеу комитеті көмек көрсетеді.
Сауалнамаларды «БОТА» қорының веб-сайтынан (www.bota.kz ) және 8 800 080 58 80 не 7 (727) 264 34 65 байланыс телефондары арқылы ала аласыздар.