Білім министрі 180-нен астам ғылыми қызметкер жұмыс істейтін Орталықтың зертханаларымен танысты

АСТАНА. Қазанның 14-і. ҚазАқпарат. ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов «Биотехнология Ұлттық орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнында болды, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі. Ол 180-нен астам ғылыми қызметкер жұмыс істейтін Орталықтың зертханаларымен танысты. Оның Қазақстанның көптеген ғылыми ұйымдарына қарағанда ерекшелігі сол, мұнда жас кадрларға деген өте бір тапшылық жоқ, оның қызметкерлерінің орта жасы 30-дан аспайды.

Мұнда Лондон Университет Колледжі, Джон Хопкинс Университеті, Ноттингем университеті, Колорадо мемлекеттік университеті сияқты басқа да шетелдік және отандық жетекші жоғары оқу орындарының түлектері жұмыс істейді.

Ғалымдар ұжымының жастығына қарамастан биотехнология Ұлттық орталығы атқаратын ғылыми-инновациялық міндеттер Қазақстанның қарапайым азаматтары үшін де, сондай-ақ біздің еліміздің экономикасы үшін де өте маңызды болып есептеледі. Оның ең таңдаулы деген әзірлемелерінің қатарында - қолайсыз климат жағдайларына және түрлі ауруларға төзімді келетін бидайдың түсімі жоғары жаңа 5 сорттары бар. Мұнда мұнаймен ластанған топырақты үш айдың ішінде тазартып, оны толық қалпына келтіруді қамтамасыз ететін биопрепараттар жасалды. Қазіргі таңда 200 мың тоннадан астам топырақ тазартылды.

Медицина саласында қызылшаға және паротитке қарсы вакциналардың микрокапсулдық нысандары, туберкулезді, сүт безіндегі қатерлі ісікті, цитомегаловирусті, полиомавирусты, Эпштейн-Бара вирусын, гепатит вирусын анықтау үшін тест жүйелері, тұқым қуалайтын және туа біткен аурулардың даму түрлерін бағалау үшін генетикалық тестер - Орталық ғалымдарының маңызды жетістіктері болып табылады.

Биотехнология Ұлттық орталығы әзірлемелерінің көмегімен алғаш рет шетелдік мамандарға бармай-ақ органдарды трансплантациялау үшін донорлар мен рецепиенттерді таңдап алу мүмкіндігі туды. Пластикалық хирургияда пайдалану және тері мен жараны емдеу үшін жасанды тері жасау жөніндегі жұмыстар белсенді түрде жүргізілуде.

Министр Орталық ұжымымен кездескен кезде жоғары оқу орындарынан кейін ғылыми кадрларды даярлау, атап айтқанда PhD докторларын даярлаудың жаңа жүйесіне көшу мәселелері жөніндегі олардың пікірлері мен ұсыныстарын мұқият тыңдады. Сондай-ақ, ол жас ғалымдардың ғылыми әзірлемелерін, қызметкерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету жағдайын, олардың еңбекақысын сұрап білді. Ол әріптестерін Қазақстан ғылымының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ат салысуға шақырды. Министр олардың мақалалары жоғары индекспен бағаланатын таңдаулы шетелдік журналдарда жариялануына жету қажеттігін, сонда ғана біздің ғалымдардың жетістіктері бүкіл әлемге танылатынын атап көрсетті.

Сала басшысы 2009 жылдың 4 қыркүйегінде Ақордада өткен Кеңес мәжілісінде ҚР-ның Президенті еліміздің ғылыми қауымдастығының алдына оның орталығы өздері болатындай етіп, отандық ғылымды тиімді басқару жүйесін құру, ғылыми зерттеулердің сапасы мен маңыздылығын арттыру, университет ғылымының дамуына жағдай жасау жөнінде жаңа міндеттер қойғанын ерекше атап өтті.

Орталық ғалымдары жаңа «Ғылым туралы» заңның жобасына үлкен қызығушылық танытуда. Бұл заң жобасы өткен аптада ҚР Парламент Мәжілісі жанындағы Қоғамдық палатаның көшпелі мәжілісінде талқыланғаны белгілі, онда Бақытжан Жұмағұлов ғылымды басқарудың жаңа моделін таныстырды. Сонда ұсынылған түбегейлі өзгерістер мен өткір пікірталастарға қарамастан депутаттар корпусы тарапынан толық қолдау тапты. Ғылымды басқарудың жаңа моделінің негізгі екі бағыты бар:

Біріншіден, қабылданған шешімдер үшін барлық деңгейде ғалымдардың рөлі артады.

Екіншіден, зерттеулерді қаржыландырудың жаңа жүйесі енгізіледі. Енді қаржыландыру үш нысанда, яғни гранттық, базалық және мақсатты-бағдарламалық негізде жүзеге асырылатын болады. Жаңа «Ғылым туралы» заң жобасының тағы бір айтарлықтай жаңалығы - ғылым мен инновациялық қызметті қолдаудың жаңа механизмдері қарастырлған. Сондай-ақ, зерттеу университеттері деген жаңа ұғым заңдық айналымға енгізілген.