Білім министрі оқулықтарды әзірлеу жұмыстарын жүйелендіру мәселесі бойынша республикалық кеңес өткізді - Алматы

АСТАНА. Қазанның 25-і. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов оқулықтарды әзірлеу, сараптау және басып шығару жөніндегі жұмыстарды жүйелендіру мәселесі бойынша Республикалық кеңес өткізді. Бүгін, қазанның 25-інде өткен кеңестің жұмысына 50-ден астам баспалардың басшылары, оқулықтардың және оқу-әдістемелік кешендердің 540 авторлары, оқу әдебиеттеріне сараптама жасайтын мамандар, еліміздің барлық өңірлерінен келген әдіскерлер мен педагогтар қатысты, деп хабарлады Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметінен.

Бірнеше жыл қатарынан отандық оқулықтардың сапасы сынға алынып келе жатқаны белгілі. Жекелеген басылымдарда стилистикалық және орфографиялық қателер кездесіп қалады. Олардың мазмұны ғана емес, полиграфиялық жағынан орындалуына да өкпе-наз айтылуда. Авторлар мен баспагерлер арасында шығармашылық және іскерлік қарым-қатынастар орнатылмаған, оқулықтарды сараптамадан өткізу уақыт талабына жауап бермейді.

Кеңесте оқулықтардың және оқу-әдістемелік кешендердің құрылымдық тақырыптарының мазмұнына баса назар аударылды. Оқу басылымдарын бағалаудың дәстүрлі критерийлері сараптауға алынып, олар нарықтық нақты жағдайға қарай жан-жақты талдаудан өтетін болады. Баспагерлер оқулықтардың мазмұны мен полиграфиялық безендіруі жөніндегі санитарлық-гигиеналық талаптарға қатысты пікір-ойларымен бөлісті. Сондай-ақ электрондық білім беру ресурстарының болашағы және оларды кешенді сараптамадан өткізу туралы да сөз болды. Оқулықтардың сапасын сараптамадан өткізу жөнінде халықаралық сараптама жүйесін құруды ұсынды.

Өзекті мәселелер бойынша кеңінен пікір алмасылды, оған Ресей Федерациясынан келген баспагерлер мен сарапшылар, атап айтқанда Мәскеудің «Просвещение», «Дрофа», «Мнемозина» және басқа да баспалардың өкілдері белсене қатысты.

Еліміздің білім ведомствасының басшысы ұлттық оқулық кітаптарын басып шығаруды одан әрі дамыту жөнінде өздерінің көзқарастарымен бөліскісі келгендердің бәрін де мұқият тыңдап, талдаудың байыпты қорытындысын шығарды. Ол оң нәтиже ретінде балама оқулықтар жасау үшін бәсекелі орта қалыптасқанын атап өтті. Оның пікірі бойынша алты мыңнан астам оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендердің ішінде жақсы баға алған материалдар аз емес. Олар оқушылардың өскелең ой-өрісін ескере отырып, түсінікті тілмен жазылған, жақсы безендірілген. Бір сөзбен айтқанда, отандық оқулықтарды жасаушылар мен оның авторлары баспагерлермен бірге шығармашылық ізденісте екені байқалады. Бірақ та жаһандану дәуірі жаңа талаптар қоюда. Сондықтан да қазіргі заманда баға жетпес капитал - білім екені сөзсіз, ал оны жақсы оқулықтар мен кітаптарсыз көз алдыңа елестетудің өзі қиын. Соған байланысты қысқа мерзімде оқулықтар басып шығаруды дамыту үшін оның пәрменді құқылық базасын жасау қажет. Сапасыз оқулықтардың үлгілері олардың мазмұнын жариялы түрде талдау үшін Білім және ғылым министрлігінің веб-сайтына орналастырылатын болады. Оны жасаушылардың, авторлардың, сарапшылардың, баспагерлердің, полиграфистердің, бір-бірімен қарым-қатынасын жоғары деңгейге көтерген жөн. Бұл орайда талапты күшейте отырып, олардың толыққанды жұмыс істеуі үшін қажетті жағдайларды жасау керек. Оқулықтарды жасауға қатысатын мамандарды материалдық жағынан ынталандыру жүйесін қайтадан қарастырған жөн, - деді министр. Сондай-ақ, ол ондаған көкейтесті сұрақтарға жауап берді.