Білім министрлігі биыл 20-дан астам жекеменшік ЖОО-ны біріктіреді

АСТАНА. 13 шілде. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылы еліміздің 20-дан астам жекеменшік жоғары оқу орны біріктірілетін болады.

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов мәлім етті.

«Ағымдағы жылы Қазақстанда жекеменшік 20 жоғары оқу орны, ал келесі жылы тағы да 10-ы біріктірілетін болады», -деп атап өткен министрдің сөзіне қарағанда, ЖОО-ларды оңтайландыру жұмыстары қазірдің өзінде басталып та кеткен. Бұл реттегі министрліктің басты міндеті жекеменшік жоғары оқу орындарын біріктіру арқылы білім ошақтарын үлкейтіп, олардың базасында әлеуеті жоғары бәсекеге қабілетті ұйым құру болып отыр.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қазірдің өзінде білім беруді жаңарту негізгі үш бағытта, атап айтқанда, білім беру мекемелерін оңтайландыру, оқу-тәрбие беру үдерісін жаңарту, білім беру қызметтерінің тиімділігі мен қолжетімділігін арттыру бойынша басталып кетті», - деді Б.Жұмағұлов.