Білім министрлігі кәсіптік лицейлерде Сингапур бағдарламасын қолдануға қызығушылық танытады

None
АСТАНА. 5 шілде. ҚазАқпарат - Қазақстанның Білім және ғылым министрлігі «Темасек» сингапурлық қорына (Temasek Foundation) және «Нанянг Политекник Интернешнл» (NYPI)  колледжіне Алматыдағы кәсіптік лицейлерді сингапурлық бағдарлама бойынша оқытуды ұсынады.

Бұл туралы Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов  «Темасек» сингапур қорының (Temasek Foundation) төрағасы Го Гео Киммен және  «Нанянг Политекник интернешнл» колледждің халықаралық даму жөніндегі аға директорымен, Қордың халықаарлық ынтымақтастық бағдарламалар басшысы Е Джеральдпен кездесуі барысында мәлім етті.

Кездесудегі әңгіме барысында сингапурлық меймандар Алматы қаласында ІТ-технология сервистері мен технологиялары бойынша оқу ұйымдастыра алатындықтары туралы хабарлаған болатын.

«Расында, Қазақстан үшін кадр даярлау саласында сингапурлық тәжірибе аса пайдалы болар еді. Қазірдің өзінде біз кәсіби мамандар даярлауда батыс еуропа елдерінің тәжірибелерін белсенді түрде игерудеміз», - деді министр Бақытжан Жұмағұлов.

Тоқтала кететін жайт, Сингапурлық «Нанянг Политекник интернешнл» мен ҚР Білім және ғылым министрлігі арасындағы қалыптасқан меморандум негізінде 2012 жылдың сәуір айы мен желтоқсан айының аралығында 140 жетекші маманның және техника саласындағы педагогтардың Сингапурға барып, біліктілігін шыңдап қайтуға жағдай жасалып отыр. Бұл ретте «Темасек» қоры бағдарламаға қатысу, оқу және жатын орынды қамтамасыз етуді өз мойындарына алған еді.

Сонымен қатар, осы жоба аясында 2012 жылдың мамыр-маусым айларының аралығында  кәсіби-техникалық білім беру саласында жұмыс істейтін қызметкерлер және жергілікті атқарушы ұйымдардың 60-қа жуық өкілі біліктілігін шыңдап келді. Бірлескен жоба 2012 жылдың соңына дейін жалғасады.