Білім министрлігі шетелге кеткен танымал ғалымдарды елге қайтару мәселесін қарастырып жатыр

АНА. 12 қараша. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Білім министрлігі шетелге кеткен танымал ғалымдарды елге қайтару мәселесін қарастырып жатыр. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «2011-2013 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын талқылау барысында Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов мәлім етті.

«Соңғы уақытта Қазақстаннан «зияткерлік меншіктің» кетуі тұрақталып келеді. Бүгінгі күні «Назарбаев Университетінің» ашылуына, 20-ға тарта жоғары оқу орындарында жаңа зертхананың жұмыс істеуіне орай әлгі мәселеге қатысты оң үрдіс байқалуда деп айтуға болады. Көптеген деректерге сүйенсек, Американың білім-ғылымына тартылғандардың 25 пайызына жуығы Кеңес Одағының ғалымдары екен. Бұл - өте үлкен көрсеткіш. Қазақстанда қазіргі таңда ғылыми базалар қалыптасты. Сондықтан да, Білім және ғылым министрлігі шетелге кеткен ғалымдарды, әсіресе талантты ғалымдарды қайтару мәселесін қарастырып жатыр», - деді депутаттар сауалына жауап қайтарған Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов.

Оның айтуынша, қазіргі таңда шетелде 125 қазақстандық ғалым жұмыс істеуде екен. Ал өз ғалымдарын қайтару жөніндегі бағдарлама Ресей мен Қытайда бар көрінеді. «Сондықтан Үкіметке әр жылдары әртүрлі себептермен шетелдерде қалып қойған танымал жерлестерімізді қайтару туралы ұсыныс әзірлеуге дайынбыз», - деді министр.