Бұл туралы Алматыда өткен «Орталық Азиядағы жоғары білім берудің дамуы: сапаны қамтамасыз етудің, ақпараттың және саралаудың маңызы» деп аталатын аймақтық форумда айтылды.
«Рейтинг агенттіктерінің қызметі алғаш қалыптасқан кезде де сыналған, қазір де сыналады. Өйткені білім сапасын өлшеудің, университет қызметін реттеудің абсолютті жүйесі жоқ. Әрбір рейтинг өзінің жеке міндеттерін шешеді. Сондықтан рейтинг агенттіктерінің бағалауына кіруге мұқият болу керек. Бұл университет қызметінің негізгі міндеті емес. Олардың басты міндеті - ғылыми-зерттеу жұмыстары арқылы елді одан ары өркендететін жас буынды дайындау», - дейді QS (Quacquarelly Symond) халықаралық рейтинг агенттігінің Орталық Еуропа және Орталық Азиядағы аймақтық директоры Зоя Зайцева. Оның айтуынша, рейтинг университет қызметінің бір өлшемі. Өкінішке орай қазақстандық жоғары оқу орындары өзін-өзі насихаттауға салғырт қарайды. Шетелдіктер бұл туралы қазір ресми ақпарат көздеріне қарағанда «Болашақ» бағдарламасының қатысушыларынан көбірек естіп-білуде.