11:41, 05 Маусым 2009
Білім және ғылым министрі Алматыда Ұлттық бірыңғай тест тапсыру пунктінде болды
АЛМАТЫ. Маусымның 5-і. ҚазАқпарат /Айгүл Тұрысбекова/ - Ұлттық бірыңғай тест сынағы маңызды мемлекеттік және қоғамдық мазмұнға ие.
Ол - оқушылардың білімін объективті бағалаудың бүкіл әлемге танылған әдісі. Бұл туралы бүгін Алматыда Қазақтың Абай атындағы ұлттық педагогикалық университетіндегі тестілеу пунктінде болған кезінде Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Министр оқушылардың ата-аналарымен әңгімелесіп, оларды толғандырған барлық сауалдарға егжей-тегжейлі жауап берді. Ж.Түймебаев, Ұлттық біртұтас тестілеудің - мектепті бітіру, жоғары оқу орнына түсу, «Алтын белгіні» қуаттау, мектептің, ауданның, қала мен облыстың рейтингін анықтау амалдарына қамтитын кешенді шара екенін айтып өтті. Ол сондай-ақ емтихандардың барысын бақылау үшін барлық тест пунктерінде мемлекеттік комиссиялар жұмыс істеп жатқанын, олардың құрамына мемлекеттік органдардың, мәслихаттардың, бұқаралық ақпарат құралдары мен ата-аналардың өкілдері кіріп отырғанын хабарлады. Ж.Түймебаев сондай-ақ Алматының - ең көп түлек емтихан тапсырып жатқан еліміздегі ең үлкен қала екенін де айтты. «Оқушылардың Ұлттық біртұтас тест сынағын жақсы тапсыруларына біздің барлығымыз мүдделіміз. Бірақ ең бастысы, балалардың өз білімдеріне әділ баға алуы», - деп атап көрсетті министр өз сөзінде. Одан кейін Ж.Түймебаев бірнеше аудиторияны аралап, оқушылармен сөйлесті және оларға табыс тіледі.