Білім және ғылым министрі елорданың білім беру нысандарын аралап, жаңа оқу жылына дайындықтарымен танысты

ТАНА. 5 тамыз. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов Астана қаласының білім беру нысандарын аралап, жаңа оқу жылы қарсаңында мектептер мен мұғалімдердің дайындығын зерделеу үшін елорда мектептерінің, лицейлерінің, мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің басшылары мен ұжымымен кездесті.

Бұл ақпаратты ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі таратып отыр.

Министр жұмыс сапары барысында жаңадан салынып жатқан Оқушылар сарайында болып, бірегей жобаның тұжырымдамасымен танысты. Оқушылар сарайы - планетариі, кіші обсерваториясы, мұражайы, теннис алаңы, мұз айдыны, хореографиялық, жеңіл атлетикалық манежі, бассейні, қысқы баубақшасы және тағы басқа да нысаннан тұратын толыққанды қалашық. Онда кемтар балалар еркін жүре алатындай барлық қажетті жағдайлар қарастырылған. Министр құрлыстың барысымен танысу үшін болашақ кешеннің барлық құрылыс алаңдарын аралап шықты.

Сондай-ақ Б.Жұмағұлов «Әсемай» балабақшасында болды. «Балапан» бағдарламасының аясында ашылған бұл жаңа мектепке дейінгі мекеме қыркүйек айында 240 балаға есігін айқара ашады. Министр Елбасының бұл бағдарламасын іске асыру барысын ерекше бақылауда ұстап және оған үлкен белсенділік таныту қажет екенін атап айтты.

Министр «Hailebury Astana» халықаралық мектеп-интернатының жаңа оқу жылға толық дайындығын да көрді. Мектеп директоры Эндрю Остердің айтуынша, құрылыс аяқталды және мектеп-интернат бірінші оқу жылында 320-ға жуық оқушыны қабылдауға дайын.

Алдағы оқу жылында № 66 жаңа мектеп те оқушылар үшін есігін айқара ашпақ. Қазіргі заманғы мектеп электронды қауіпсіздік жүйесімен, «3D - зертхана» форматындағы кабинетпен, үш информатика кабинетімен, кітапхана мен спорттық құрылымдармен қамтылған. Мектеп 1200 оқушыны қабылдауға дайын.