Білім және ғылым министрлігі балаларға көрсетілетін қызметтің сапасын анықтау мақсатында 20 түрлі әлеуметтік зерттеулер жүргізген

АСТАНА. Наурыздың 30-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Білім және ғылым министрлігі балаларға көрсетілетін қызметтің сапасын анықтау мақсатында 20 түрлі әлеуметтік зерттеулер жүргізген.

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Қазақстан балалары» бағдарламасының жүзеге асуы тақырыбында өткен Үкімет сағатында ҚР Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев осындай зерттеулердің біршамасына тоқталып өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Әрине, мұндай зерттеулерді көпшілік соншалықты ұната бермейтіні де бар. Дегенмен зерттеулер нәтижесі балалардың мектепке келмеуі, отбасындағы зорлық, өз-өзіне қол жұмсауы, бала мүгедектігі, мектептегі тамақтандыру секілді мәселелерді және тағы да басқа проблемалардың себептерін анықтауға мүмкіндік берді. Мәселен, «қауіпті топқа» жатқызылған 6,5 мың баланың сабаққа қатыспау себептеріне бағытталып жүргізілген сауалнамада олардың 35 пайызы оқығысы келмейтіндіктерін атап өткен. Ал 25 пайызы ақшаға мұқтаждығынан, 15 пайызы денсаулығына байланысты, 14 пайызы киім-кешегінің жоқтығынан, 11 пайызы мұғалімдердің әділетсіздігінен, 10 пайызы отбасындағы келеңсіз жағдайларға орай, 5 пайызы сыныптас құрбыларының тарапынан зәбір көретіндіктеріне байланысты мектепке мүлдем бармай қойған. Ал зорлық мәселелерін зерттеуге бағытталған сауалнама бойынша оған қатысқан 1,3 мың баланың 6 пайызы зәбірлеудің құрбаны болғанын көрсетеді. Сондай-ақ қатысушылардың 26 пайызы құрдастарынан қорлық көргенін айтса, 22 пайызы соққыға жығылыпты. Мінеки, осындай жайттар баланың өсіп, азамат ретінде қалыптасуына кедергі болып, қиындық тигізіп отырады. Жалпы, бұл сауалнамаға қатысқан балалардың 36 пайызының психикалық тұрақсыздығы өте жоғары деңгейде болып отыр», деді министр. Сонымен бірге, ведомство басшысы зерттеулердің нәтижелерін зерделей отырып, балалармен жұмыс істейтін мамандардың әрекеттерін белсендіруге бағытталған шаралар қабылданғанын атап өтті. Мәселен, көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды қолдау үшін «Қамқорлық», «Түнгі қаладағы балалар», «Мектепке жол» атты акциялар өткізілген. Былтырдың өзінде осындай шара барысында 100 мыңға жуық балаға 405 млн. теңгенің көмегі көрсетілген.