Білім және ғылым министрлігі биыл «Болашақ» бағдарламасымен білім алушылар саны 4 мыңға жауықтайды деген болжам жасап отыр

АСТАНА. Тамыздың 14-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Ертең «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алам деушілердің құжаттарын қабылдайтын соңғы күн.


Осыған орай бүгін 3 мыңнан астам құжаттар қабылданып, құжаттардың саны қабылдау мерзімі біткенге дейін 4 мыңға жуықтайды деген ойдамыз». Бұл туралы бүгін Білім және ғылым министрлігінің ресми өкілі Серік Ырсалиев журналистермен болған баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінде Президент стипендиясына 1 мың 367 орын белгіленген болса, бір орынға 2-2,5 адамнан келеді. «Құжат тапсыру талаптары бойынша бірқатар топтағы азаматтарға тиісті жеңілдіктер бар. Мысалы, бакалавриат жүйесі бойынша жеңілдіктер 9 жыл бойы ауылдық аймақта білім алған жастарға беріледі. Сонымен қатар мемлекеттік қызметкерлер мен ғылыми педагогикалық сала қызметкерлеріне де жеңілдіктер жасалған. Олар үшін шет тілін білу талаптары өзгелерге қарағанда төмендеу. Яғни аталмыш санаттағы азаматтар шет тілдерді  толық меңгермеген болса да оқуға қабылдана береді және бірінші семестерден 4-ші семестерге дейін олардың тілді меңгерулеріне арнайы жағдай жасалып, қаржы бөлінеді», деді ресми өкіл.