Білім және ғылым министрлігін қайта құру қажет - академик Ғ.Есім

АСТАНА. 11 ақпан. ҚазАқпарат - Бүгінде біз білім беру саласындағы қайта даярлау мәселесін шешпейтін болсақ, қайсы ұстаз, қайсы шәкірт екенін айыра алмай қалуымыз әбден мүмкін. Бүгін С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің студенттеріне дәріс оқыған ҚР Парламенті Сенатының депутаты, академик Ғарифолла Есім осы мәселені ерекше атап өтті.

Осы орайда ғалым жиналған қауымға бір сауал қойды: «Ақпараттық жүйеге кім жақын? Мен ба? Жоқ, әлде менің алдымда отырған жас па? Әрине, ол (жас шәкірт - авт.). Егер ол ақпараттық жүйеге жақын болса, кімнің ойы инновацияға жақын болады? Әлбетте, оның ойы. Ал, енді мен оған қандай ақыл айтамын?.. Менің дайындығым төмен болса, қайтіп дәріс беремін? Сондықтан «Қазақстан - 2050» бағдарламасында көрсетілген қайта даярлау бұл - басты мәселе. Ұстаздар үздіксіз білім алып, жетілуі тиіс. Әйтпесе, бүгінгі шәкірттер біздің өкшемізді басып келеді. Ертең қайсы ұстаз, қайсы шәкірт екенін айыра алмай қалуымыз әбден мүмкін», - деп налиды Ғ.Есім. Ғалымның айтуынша, Білім және ғылым министрлігін қайта құрып, жүйесін өзгертпесе, ол мәселені шешу қиын болады. «Президенттің өзі айтты. Бүгінгі инновациялық ойлауға әкімшілік жүйе кедергі жасап отыр. Демек, бүгінгі әкімшілік жүйені өзгерту қажет-ақ», - дейді ол.

«Мәселен, мен өзім бағдарламаны («Қазақстан - 2050» - авт.) орындауға дайын емеспін. Себебі ағылшын тілін білмеймін. Ал инновациялық жаңалықтар ағылшын тілінде тарайды. Оның барлығы орысшаға аударылып, маған жеткенше, кеш болып қалмай ма?! Әрине, көштен кейін қалмас үшін мені қайта даярлау қажет», - деді Ғ.Есім.