Білім және ғылым министрлігінің атына заң бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым дайындалып жатыр - Әділет министрлігі

АСТАНА. Мамырдың 20-сы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Білім және ғылым министрлігінің атына заң бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым дайындалып жатыр.

Бұл туралы бүгін Астанада өткен брифингте Әділет министрлігінің ресми өкілі Ербол Ерімбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның сөзіне қарағанда, биылғы жылғы сәуірде Білім және ғылым министрлігіне жүргізілген тексеруде 121 бұйрыққа қатысты, Денсаулық сақтау министрлігінде 146 бұйрыққа қатысты заңнаманы бұзушылық фактілері анықталған. «Мәселен, Білім және ғылым министрлігінің азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты 6 нормативтік-құқықтық акті ресми жарияланбаған және тіркелмеген нормативтік-құқықтық актілердің заңды күші болмайды, яғни тиісінше қолдануға жатпайды», деді ресми өкіл.

«2006 жылғы сәуір мен 2010 жылғы наурыз аралығындағы кезеңде аталған министрлік пен оның комитеттері заңды бұза отырып, 80 нормативтік-құқықтық актіні заңнамада белгіленген тәртіпте мемлекеттік тіркеуге ұсынбаған», деді Е. Ерімбетов.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта Білім және ғылым министрлігінің атына заң бұзушылықты жою туралы ұйғарым дайындалуда. Сонымен қатар Әділет министрлігінің тексеруінен кейін Денсаулық сақтау министрлігі 146 нормативтік-құқықтық актіні қолданыстағы заңнаманың талаптарына сәйкестендіруде.