Тоқтала кететін жайт, басқосуда еліміздегі ақпараттандыру жобаларының жүзеге асырылуы талқыланған болатын.
Талқылау барысында вице-спикер бағдарламаның атауының өзі оның мазмұнына сай келмейтінін алға тартты. Оның айтуынша, электрондық оқыту мәселесінің көтерілгеніне біраз жыл өтіп, осы бағытта біршама бюджет қаражаты жұмсалды. «Біз «e-learning» жүйесі туралы айтқанда адам шатасатын болды. Өйткені, барлығы сабақтағы оқулықтар мен электрондық әдістемелік материалды күтеді. Ал біз осы уақытқа дейін мектеп директоры, мұғалімдер, журналдар, күнделіктер мен оқушылардың сабақ үлгерімі туралы айтудан аса алмадық, ал бұлардың ешқайсысының «e-learning» жүйесіне қатысы жоқ қой», - деді Д. Назарбаева. Бұл ретте вице-спикер еліміздің білім жүйесі «e-learning» жүйесін енгізуге ең әуелі кадрлық қамтамасыз ету тұрғысынан әзір емес екенін алға тартты.
Өз кезегінде депутат Мейрам Бегентаев бұндай электрондық жүйені енгізудің «оқушы сөмкесін» жеңілдете түсетінін алға тартады. «Шындығында, білім берудегі сандық технологиялар зілдей оқулықтарды алмастыра алатын еді. Дегенмен, оны енгізуді сапалы жүзеге асыру қажет, бұл үшін сапалы Интернет керек. Сондықтан да, «e-learning» жүйесінің өзі сапалы жұмыс істей бастағанда, оқушылар да оқулықтан құтыла бастайды деп ойлаймын», - деді М.Бегентаев. Бұл ретте депутат «e-learning» жүйесінің тиімділігін айта келе, ондағы басты мәселе сапалы енгізуге қатысты екеніне тоқталды. Оның айтуынша, «e-learning» жүйесін енгізгенде оның қағаз жолымен қайталануын болдырмау да маңызды, өйткені мұның өзі мұғалімнің жұмысын кідіртеді.