Білім жүйесін жаңарту ісі оқушыларға сапалы білім беруді міндеттейді - Жамбыл облысының әкімі

None
ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ. Тамыздың 24-і. ҚазАқпарат /Галина Скрипник/ - «Елімізді жаңарту стратегиясын жүзеге асыру адам ресурстарының даму деңгейіне, олардың білімдері мен сауаттылықтарының деңгейіне байланысты», - дүйсенбі күні Таразда өткен тамыз педагогикалық кеңесінде Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаев Елбасының Қазақстан халқына Жолдауындағы осы бір сөздерді келтірді.

Әкім өз сөзінде, облыста бүгінде жалпы білім беретін 465 мектеп жұмыс істейтінін, ал оларда 22 мыңға жуық педагог еңбек етіп жатқанын айтып өтті.

«Қыркүйектің 1-інде облысымыздың 180 мыңнан астам оқушысы мектеп парталарына отырады. Білім жүйесін жаңарту ісі оқушыларға сапалы білім беруді міндеттейді»,- деген ол, бүгінде біздің қоғамымызда мұғалім мен тәрбиешінің ролі маңызды әрі жауапты екенін атап көрсетті.

Облыстық білім басқармасының дерегі бойынша, облыста білім саласын қаржыландыру көрсеткіші жылдан-жылға артып келеді: егер 2009 жылы салаға 34,4 миллиард теңге бөлінсе, 2010 жылы - 39,8 миллиард теңге қарастырылған, бұл былтырғыдан 15,8 пайызға көп.

Қ.Бозымбаев өз сөзінде атап көрсеткендей, облыста білім жүйесін әрі қарай дамыту және жетілдіру, білімнің мазмұнын жаңарту және сапасын көтеру бағытында үлкен жұмыстар атқарылуда. Жаңа мектептер салынуда, білім ошақтарында жөндеу жұмыстары жүргізілуде, мектептердің материалдық-техникалық базалары нығайтылуда.