BilimClass платформасында ақау шықты: мұғалімдер баға мен үй тапсырмалары жүйеден жоғалғанын айтып шағымданып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда BilimClass электрондық білім беру платформасының жұмысында техникалық ақау орын алды. Мұғалімдер жүйеге бұрын енгізілген үй тапсырмаларының жоғалып кеткеніне шағымданса, пайдаланушылар жүйеге кіру және бағаларды көру кезінде қиындықтарға тап болған. Ал компания өкілдері ақауларды жою жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Фото: BilimClass

Бүгін әлеуметтік желілерде педагогтер BilimClass электрондық журналының жұмысына қатысты шағымдарын жариялады.

Мұғалімдердің бірі жүйеде өзі сабақ беретін барлық сыныптар бойынша бүкіл тоқсанға енгізілген үй тапсырмалары көрінбей қалғанын хабарлады.

Жазба астындағы пікірлерде өзге педагогтер де осындай мәселелерге тап болғанын жазған. Мұғалімдерді бірнеше апта бойы электрондық журналға енгізілген ақпаратты қайта толтыруға тура келуі мүмкін деген жағдай алаңдатып отыр.

Оқу платформасының өкілдері туындаған жағдайға қатысты түсініктеме берді.

– Бүгін платформада техникалық ақау орын алды. Соның салдарынан кейбір пайдаланушылар қате хабарламалар мен ескертулер алуы мүмкін. Қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз. Қазіргі уақытта мамандарымыз ақауларды жоюмен айналысып жатыр. Жағдай бақылауда, - делінген платформаның мәлімдемесінде.

Компания өкілдері платформа жұмысында уақытша іркілістер болуы мүмкін екенін де ескертті. Атап айтқанда, пайдаланушылар қосымшаға кіру кезінде қиындықтарға тап болуы, сондай-ақ бағалар, сабақ кестесі мен үй тапсырмалары уақытша көрінбеуі ықтимал.


– Платформаның толыққанды жұмысын мүмкіндігінше тез қалпына келтіру үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатырмыз, - деп атап өтті BilimClass өкілдері.

Материал жарияланған сәтте BilimClass сайты әлі де қолжетімсіз болды. Платформаға кіруге әрекет жасаған кезде техникалық жұмыстар жүргізіліп жатқаны туралы хабарлама шықты.

Айта кетейік, бұған дейін Алматы мектептерінде электронды күнделік қалай ауысқанын жазғанбыз.