Білімнің іргетасы бастауышта қаланады – Гүлшат Суханова
Гүлшат Рахымқызы – білім саласында 35 жыл бойы тер төгіп келе жатқан білікті ұстаз, педагог-зерттеуші. ҚР Білім және ғылым министрлігінің құрмет грамотасы және басқа марапат, алғысхаттардың иегері.
-Гүлшат Рахымқызы, ұстаз болуды бала күннен
армандадың ба, бұл мақсатың қай кезден бастап жүзеге асты деп ойлайсың, кімдерден үлгі алдың?
-Иә, ұстаз болу арманым еді, себебі ата-анамның екеуі де мұғалім болатын. Қазталов ауданы Әжібай ауылында туып- өсіп, сондағы Бірік орта мектебінде білім алдым. Әкем Рахым мектеп директоры, анам Гүлжиян қазақ әдебиетінің мұғалімі еді. Нағашыларым да ұстаздар-тұғын. Бала кезімде мектеп болып ойнаушы едік, мен үнемі мұғалім болатынмын. Кейде айнаға қарап, ұстаздарымды айнытпай салатын едім. Мен үшін олардың бәрі де үлгі болды. Алғаш
Валентина Рудольфқызы Тәжіғалиева әліппені ұстатса, 5- сыныптан жетекшім болған Шынтемірова Күләш апайымды сағынышпен еске аламын. Орал педагогикалық училищесін үздік бітіргеннен кейін алдымен ауылда ұстаздық еттім. Кейін Оралдағы білімнің қара шаңырағы – Сәкен мектебіне келдім.
-Тоқсан жылға жуық тарихы бар атақты мектептің табалдырығын алғаш аттаған сәтте қандай сезімде болдың?
-Қорқыныш пен мақтаныш бірдей болды-ау деп ойлаймын. Ол кезде мектеп директоры Ерсайын Қадырұлы Сапаров болатын. Ол кісі өте іскер, жаңашыл, еңбекқор, сондықтан да басқалардан соны талап ететін. Мен сияқты жас мұғалімге үлгі болар ұстаздар өте көп болды. Қазіргі таңда солардың бәрі дерлік зейнетке шықты. Осы күні барлығын да сағынамын, өйткені бізге айтатын ақылы мен сындары, киім киістері мен өздерін ұстаулары, сөз саптаулары, сабақ берулері – бәрі бөлекше, үлгі болатын.
Жалпы, өзім бастауыш сынып мұғалімі екенімді мақтан етемін, себебі білім негізі осында қаланады. Бүлдіршіндердің тұңғыш табалдырық аттауы, әріп тани бастауы, жазуы, буындап оқуы – осының бәрінің қиындығы мен қуанышы жетерлік. Бастауыш сынып оқушысы пәк, таза, ұстазына бәрін біледі, маған үйретеді деген сеніммен көздері жәудіреп қарап отырады. Кейін сол шәкірттерім таудай болып өсіп, жоғары білім алғаннан кейін үлкен азаматқа айналады.
-Биыл індетке байланысты қашықтан оқыту қолға
алынғаны белгілі. Осыған орай білім деңгейі төмендеп кеткен жоқ па, тәжірибелі ұстаз ретінде не айтар едің?
-Өткен оқу жылының соңында қашықтан оқытудың қиындықтары, әрине, болды. Өйткені біз бұған дейін онлайн түрде оқытып көрмеп едік. Дегенмен, ең бастысы, мұғалім, оқушы, ата-ана, бір-бірімізбен түсінісе отырып, қай платформада оқыған тиімді екенін анықтап, ақылдасып алдық. Жаз мезгілінде облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен «Қашықтан білім беру» курсын тәмамдап, сертификат алдық, мұның да жәрдемі тиді. Қазіргі таңда бірнеше платформаны қолданып, оқушыға үйретудеміз. Бастауыш сынып оқушылары топқа бөлініп, кезекші сыныптарда оқып жатыр. Білім деңгейі төмендеп кетті деп айтып жүргендер аз емес, ол да негізсіз болмас. Себебі үйдегі ата-аналардың тәрбиелері мен талаптары әр түрлі. Ата-ана баласына жағдай жасап, уақыт тауып, қолдау көрсетіп, қасында отырса, үлкен көмек болады, оның сабақты түсініп оқуына септігі тиеді. Қазір
мектепке келмейтін оқушылар бар, соларға онлайн дәріс берудемін. Шынымды айтсам, оларды қатты сағындым.
-Мұғалімдер күнінен не күтесің? «Шәкіртсіз ұстаз тұл» демекші, олардың басты табыс-жетістіктері қандай, әр қиырда жүрген шәкірттерің хабарласып тұра ма?
-Барлық ұстаздар секілді, мұғалімдер мерекесін асыға күтемін. Ертемен шәкірттерім телефон шалып, құттықтап жатады. Өздерінің жетістігін айтып, қуантады. Барлығы да
мақтауға тұрарлық. Бірде таңмен сабақ басталар алдында Айбек Сағынаев деген оқушым Президенттің жастар кадры резервіне енгенін хабарлады. Сол күні тағы бір шәкіртім Амангелді Нұрманов Bi Group компаниясы құрылыс жобаларының бастығы болып тағайындалғанын жеткізді.
Екеуі де бір сыныпта оқыды, қазір Нұр-Сұлтан қаласында тұрады. Бір оқушым Жансұлтан Нұрмұханов халықаралық «Болашақ» бағдарламасымен Англиядан оқып келіп, ауылды түлетемін деп, Сырым ауданында мектеп директоры болып жұмыс істеп жатыр. Ол жетекші оқу орындарында, Назарбаев зияткерлік мектебінде еңбек етті. Соған қарамастан, ауылға бет бұрып, сондағы білім саласын көтеремін деп мақсат қоюы ерлік, үлгі аларлық іс деп ойлаймын. Шәкірттерімнің бірі заңгер, бірі кәсіпкер, бірі мұнайшы болып, түрлі салада табысты қызмет атқаруда.
Олардың ізімен желкілдеп өсіп келе жатқан жеткіншектер де баршылық. Осының өзі біздің Қазақ елінің болашағы жарқын екендігін көрсетеді.
Сөзімді қорытындылай келе, мектебімнің директоры Аягөз Орынбайқызы бастаған барлық әріптестерімді төл мерекемізбен құттықтап, жас ұрпаққа сапалы білім беруде табысқа жете берулеріне тілектестігімді білдіремін.