Билік ауысқаннан кейін 800 мыңнан астам сириялық босқын еліне оралды

Фото: x.com / @UNHCRinSYRIA

АСТАНА. KAZINFORM — Жүздеген мың сириялықтың отанына қайта оралуы көпжылдық қақтығыстан кейінгі мүмкін тұрақтанудың алғашқы белгілерінің бірі болды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының деректеріне сәйкес, 2024 жылғы желтоқсанда Сирияда Башар Асадтың билігі құлағаннан бері көрші елдерден шамамен 850 мың адам үйлеріне қайтқан.

Жоғарғы комиссарының орынбасары Келли Клементстің айтуынша, алдағы апталарда оралғандар саны 1 миллионға жетуі мүмкін.

2011 жылғы наурызда басталған қақтығыс салдарынан шамамен жарты миллион адам қаза тапты және соғысқа дейін 23 млн тұрғыны болған ел халқының жартысы баспанасын тастауға мәжбүр болды. Қақтығыс жылдарында 5 млн-нан астам сириялық көрші елдерден, соның ішінде Ливаннан, Иорданиядан және Түркиядан пана тапты.

Клементстің айтуынша, адамдардың дәл қазір елге қайту себептері әртүрлі, ал кейбірі әлі де күтуге бейім. Сирия–Ливан шекарасына сапары кезінде ол Сирияға бет алған адамдар мен жүк көліктерінің кезегін көргенін айтты.

Ливан билігі елде заңсыз жүрген сириялықтарды тамыз айының соңына дейін шығып кету шартымен жазадан босатты. Соның нәтижесінде соңғы күндері мыңдаған адам шекарадан өткен. Әлемде жан басына шаққандағы босқындарды ең көп қабылдаған ел — Ливан әлі де негізгі кету пункті болып отыр.

Сонымен қатар, сириялықтардың оралуына жаңа зорлық-зомбылық ошақтары кедергі келтіріп отыр. Наурызда жағалауда алавиттерді жаппай өлтіру оқиғасы болса, шілдеде Сувейда провинциясында друз қауымының өкілдері қырғынға ұшырады. Тек шілденің өзінде ғана үкіметшіл жасақтар мен друз жауынгерлері арасындағы қақтығыс салдарынан Сирияның оңтүстігінде шамамен 190 мың адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды.

Содан бері Сувейдаға Біріккен Ұлттар Ұйымының Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы Комиссарының басқармасының белсенді қатысуымен 21 гуманитарлық керуен жіберілді. Клементстің айтуынша, қарулы топтардың апталап қоршауда ұстаған Дамаск–Сувейда тас жолының қайта ашылуы гуманитарлық көмекті жеткізу үшін шешуші рөл атқарады.

Еске сала кетсек, Сирия 14 жылда алғаш рет мұнай партиясын экспорттады