Билік басындағы 3 жыл: Талибан Усама бен-Ладен кезінен бері қалай өзгерді
АСТАНА. KAZINFORM – Тамыз айында Ауғанстанда «Талибан» қозғалысының билікке келгеніне үш жыл толды. Сол уақытта, 2021 жылдың тамызындағы жағдай өте қорқынышты болып көрінді. Осынау көп зардап шеккен елдегі оқиғалардың дамуына, сондай-ақ көрші елдердегі жағдайға әсер етуі мүмкіндігіне қатысты көптеген жағымсыз болжамдар да жасалды. Ауғанстан мен тәліптер бүкіл әлемдегі барлық ақпарат құралдары бетінде ойып тұрып орын алды. Онда олардың 1996 жылдан 2001 жылға дейінгі бұрынғы билігі басындағы кезі егжей-тегжейлі қарастырылды. Kazinform агенттігінің халықаралық шолушысы Ауғанстанда үш жыл ішінде қандай өзгерістер болғанын бағамдап көруге тырысты.
Талибан халықаралық қауымдастықпен өзара байланысқа дайын
Осы тарихи кезеңде Ауғанстанда тәліптердің Ұлттық азшылық солтүстік альянсының күштерімен азамат соғысы өтті. Көпшілігі дәл осындай жағдай қайталануы мүмкін деп күтті. Мұның үстіне 2021 жылы Ауғанстандағы бұрынғы республикалық биліктің кейбір тәжік өкілдері қарулы қарсылыққа дайын екенін мәлімдеді.
2001 жылға дейін Ауғанстанда Усама бен-Ладен және оның ұйымының көптеген белсендісі болды. Бұл 2021 жылы тәліптердің қайтадан билікке келгеннен кейін әр түрлі радикалды ұйымдар өздерін жайлы сезінетін орын қайтадан пайда болады деген алаңдаушылық туғызды.
Әрине, тәліптердің елді басқарудағы ескі әдісі де сұрақ туғызбай қойған жоқ. Атап айтқанда, бұл жұмыс істеуге, білім алуға, гуманитарлық көмек алуға, ер адамдардың еріп жүруінсіз үйден шығуға тыйым салатын және басқа да көптеген шектеулері бар әйелдерге қатысты саясат туралы сөз болып отыр. Дегенмен, бұл ислам нормаларына сәйкес келмейді. Қалай дегенде де, қазіргі ислам әлемінің еш жерінде мұндай қолданылмайды.
Сонымен, 2021 жылдың тамызында Ауғанстандағы оқиғалардың дамуына қатысты болжам осы елде де, одан тыс жерлерде де барынша жағымсыз өрбіді. Көптеген адам елден кетті. Бұрынғы билік шенеуніктерінен басқа, олар білім алғандар, батыс ұйымдарында жұмыс істегендер, тәліптер билігі кезінде болатын өмір сүрудің байырғы жағдайына көнгісі келмегендер еді.
Ауғанстанның көршілері үшін үлкен қауіп болуы мүмкін гуманитарлық апатқа және соған орай босқындар ағынының артуына байланысты болды. Сондай-ақ олар осы елдің радикалды ұйымдары тарапынан туындауы мүмкін қауіп-қатерге де алаңдаушылық танытты.
Бірақ тағы бір маңызды мәселе олардың шекараларында мемлекеттік құрылымның түбегейлі басқа моделінің пайда болуымен байланысты. Ол зайырлы және рухани билікке бөлінбейтін, бастапқы ислам қауымына жақын басқару моделіне негізделген. Естеріңізге сала кетейік, алғашқы халифтер екі қызметті біріктіріп, қауымды біртұтас басқарды.
Бүгінгі таңда исламның бастапқы құндылықтарына оралуға бет алған көптеген адам дәл осы алғашқы қауымды қандай да бір идеалды модель ретінде қарастырады. Дегенмен, Таяу Шығыстың аграрлық мемлекеттерін жаулап алғаннан кейін де ислам қауымы алдында мемлекетті басқару мәселесі шықты, ол үшін тиісті институттар қажет болды. Омейядтар әулетінен шыққан халифтер кезінде зайырлы және рухани билік екіге бөлінді.
Қалай болғанда да, жалпы жұртшылықта тәліптер билігі кезінде Ауғанстандағы оқиғалардың дамуына қатысты өте ауыр болжамдар болды. Алайда, бұл үміт орындалмады. орындалған күннің өзінде де, ол толық көлемде емес.
Басты шарт 2021 жылы Ауғанстандағы жағдайға қатысты белгілі бір сыртқы саяси консенсус қалыптасуында еді. Сөз тәліптердің билікке келуімен ішкі соғыс тоқтап, Ауғанстан арқылы түрлі көлік жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндіктердің ашылуы жайында болып отыр.
Олардың арасында 1994 жылдан бері салынбай келе жатқан Түрікменстаннан Пәкістанға дейінгі Трансауған газ құбыры бар. Сонымен қатар, жоспарда теміржол, сондай-ақ Орталық Азиядан Пәкістанға жоғары вольтты электр желілері болды. Өз кезегінде, осы жобаларды іске асырудан және оларды кейіннен пайдаланудан түскен кірістер Ауғанстандағы мемлекеттік биліктің қажетті қаражатын қамтамасыз етуі керек еді.
Елде ұлттық азшылық өкілдерінің қатысуымен инклюзивті Үкімет құру, сондай-ақ әйелдердің құқықтары, әсіресе білім беру талаптары да қойылып отыр. Тәліптер инклюзивтіліктен бас тартып, ұлттық азшылықтардың өкілдері, мысалы, екінші вице-премьер өзбек Абдула Салам Ханафи билікте екенін алға тартады. Негізінде, бұл тәсіл ислам қауымын ұйымдастыру қағидаттарынан туындайды, оның аясында сайлау қажет емес. Дегенмен, тәліп Үкіметі қалай десек те, негізінен халықтың пуштун бөлігінен жасақталған. Халықтың дари тілді бөлігі (тәжіктер, хазарлар, чараймақтар – ред. ескертпесі) тек техникалық мамандар деңгейінде қызмет етеді.
Әйелдерге қатысты саясат 1990-шы жылдардың аяғындағы үлгідегі тәліп стандарттарына жақындамаса да, өте қатаң болып қала беруде. Жалпы, тәліптердің билікке алғашқы келуімен салыстырғанда біршама өзгергенін атап өткен жөн. Шартты түрде айтқанда, олар бүгінде соғыс пен идеологиядан гөрі өз мағынасында мемлекеттік құрылыммен көбірек айналысады. Олардың қатаң идеологиялық мотивацияланған қозғалыс болып қала беретіні түсінікті, бірақ халықаралық қауымдастықпен, әсіресе экономика саласында өзара әрекеттесуге дайын.
Қалай болғанда да, Ауғанстанның айналасында қалыптасқан халықаралық консенсус бұл елде соғысты қайта бастау мүмкіндігін жоққа шығарды. Бұл сыртқы қолдаусыз мүмкін де емес. Сондықтан бүгінде көп жағдайда Ауғанстанда соғыс болмайды, дегенмен кейде террорлық шабуылдар орын алып тұрады. Тәліптерге қарсы ДАИШ содырлары (Қазақстанда тыйым салынған террористік ұйым - ред. ескерпесі) бүлі шығарып отырады. Бірақ бұл да нақты дерек емес.
Куш-Тепа арнасының құрылысы және көлік жобалары
Бірақ тұтастай алғанда, ел ішіндегі жағдай 2021 жылға дейінгі уақытпен салыстырғанда әлдеқайда тыныш бола түсті. Бұл мәлімделген әр түрлі көлік жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Өкінішке орай, негізгі жобалар әлі де дайындық сатысында. Үш жыл ішінде Трансауған газ құбырының құрылысы әлі басталған жоқ. Бірақ Түркіменстандағы алғашқы құбырлар 2021 жылы-ақ дайындалған болатын. Қазір негізгі қиындықтар қауіпсіздік мәселесінде емес, осы жобаларды қаржыландыруда болып тұр. Әзірге тәліптер халықаралық деңгейде мойындалған жоқ. Сондықтан банктер құрылысқа несие бере алмайды, ал сақтандыру компанияларыняың сақтандыру келісімшарттарын рәсімдеуге мүмкіндігі жоқ.
Тәліптердің жүзеге асырылған ең бірі жобалардың бірі - Ауғанстанның солтүстігіндегі Куш-Тепа арнасының құрылысын қалай қаржыландырғаны белгісіз. Бұрынғы республика кезінде жоспарланған бұл арна тәліптер үшін өте маңызды. Өйткені ол ондаған мың гектар егістік жерін алуға мүмкіндік береді.
Орталық Азия мемлекеттері, әсіресе Өзбекстан мен Түрікменстан үшін тәліптердің Амудария суының 20 пайызына дейін алу жоспары үлкен проблема туғызады. Бірақ тәліптер өзен ағынының бір бөлігін 20 пайыз шегінде алуға құқылы. Сондықтан Ауғанстанның көршілері қарсылық білдіре алмайды, тек суды үнемді пайдалануға шақырады.
Дегенмен, келіссөздер жүріп жатыр және мәлімделген жобалар жақын арада іске асырыла бастайды деп сенуге негіз бар. Тәліптер негізгі сыртқы саяси ойыншылармен де белсенді қарым-қатынас жасайды. Дохада олар АҚШ өкілдерімен Ауғанстан Орталық банкінің бұғатталған резервтерін ашу мәселесі бойынша келіссөз жүргізді. Қытайда тәліптердің алғашқы елшісін қабылданып, өзінің елшісін тағайындағаны белгілі. Бұл әлі де болса мойындау емес, бірақ оған қарай қадам екені анық.
Қазақстан Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыруда үлкен рөл атқарды
Орталық Азияда Қазақстан мен Өзбекстан Ауғанстанмен сауда жасау және оңтүстік бағытта көлік дәліздерін салу мәселесі бойынша прагматикалық әрі өте белсенді ұстанымға ие. Атап айтқанда, Қазақстан Өзбекстан басым түрде қолдаған теміржол құрылысының жобасына қосылды. Өзбекстан үшін оңтүстік порттарға шығу мүмкіндігі экономикалық дамуының, әсіресе оның екі рет landlocked country мәртебесіне байланысты маңызды сәт. Өзбекстаннан келген жүктер теңіз портына жету үшін екі шекараны еңсеруі керек.
Қазақстан жай ғана landlocked country мәртебесіне ие. Бірақ Қазақстан экономикасын дамытудың басты басымдығы - Орталық Еуразиядағы негізгі көлік ағындарының қиылысында болуы. Осы тұрғыдан алғанда, сауда бағыты, оның ішінде Ауғанстан арқылы да маңызды.
Осы орайда Қазақстан 2021 жылдан кейін Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыруда үлкен рөл атқарғанын атап өткен жөн. 2022 жылы Қазақстаннан Ауғанстанға жеткізілім екі есеге өсіп, 987 млн долларға жетті. 2023 жылы жеткізілім 613 миллион долларға дейін төмендеді, бірақ бұл бұрынғы билік уақытындағы жеткілімнен әлде қайда көп.
Ауғанстан халқының көптігі жағдайында (36 миллион адам – ред. ескерпесі) халықаралық коалицияның кетуіне байланысты сыртқы қаржыландырудың күрт төмендеуі, бұл жеткізілімдер (1,2 миллион тонна ұн, 0,5 миллион тонна астық, күнбағыс майы, тыңайтқыштар) осы елдегі қиын жағдайда онытұрақтандыруда шешуші рөл атқарды. Сонымен қатар, бұл болашақта сауда-экономикалық өзара іс-қимылды кеңейтуге мүмкіндіктер береді.
Қалай болғанда да, Ауғанстандағы жағдайдың дамуы соңғы үш жылда салыстырмалы түрде алғанда тұрақты. Әрине, халықаралық қоғамдастық тарапынан ел Үкіметіне әсіресе инклюзивті Үкімет пен әйелдер құқықтарына қатысты сұрақтары қалып отыр. Дегенмен, диалог жүріп жатыр. Шындығында, ең қауіпті болжамдар орындалмады деп айтуға болады. Бұл өткен үш жылдың басты нәтижесі шығар.