Соттың баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, ұсталғандар қамауға алынып, 2026 жылғы 17 қаңтарға дейін УҰИ-ға қамалды. Олардың арасында Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаевтың кіші ұлы Қадырбек Атамбаев, «Социал-демократтар» партиясының мүшелері, сондай-ақ бұрынғы депутаттар мен шенеуніктер бар.
«Социал-демократтар» партиясының жетекшісі Темірлан Султанбеков, партия мүшесі Қадырбек Атамбаев және экс-депутат Кубанычбек Қадыров ҚК-нің 326-бабы «Билікті күштеп басып алу» бойынша айыпталып отыр. Қалған жеті адамға жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру, соның ішінде зорлық-зомбылық, қирату, өрт қою, мүлікті жою және атыс қаруын қолдану фактілері бойынша күдік келтірілген.
Бұған дейін ел президенті Садыр Жапаров өз үндеуінде Қырғызстандағы жағдайды дестабилизациялауға бағытталған кез келген әрекет сәтсіз болатынын мәлімдеді.