Барлығы 16 команда бақ сынаған жарыстың соңғы күні Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Үндістанды жеңіп, жетінші орынға тұрақтады.
Үндістанмен матчта алдымен Тамина Сәкен Анандиту Упадхайды 6:2, 6:2 есебімен тізе бүктірді. Бұдан кейін Каролина Лигай Дженси Дипакбхай Канабарға есе жіберді – 2:6, 2:6.
Мәриям Нұржан мен Тамина Сәкен жұптық сында Дженси Дипакбхай Канабар – Анандиту Упадхаймен бәсекеде камбэк жасап, жеңісті жұлып алды – 3:6, 6:4, 10:6. Қорытынды есеп – 2:1, Қазақстанның пайдасында.
Финалда Жапония Оңтүстік Кореядан 2:0 есебімен айласын асырып, жарыс жеңімпазы атанды.
Аустралияны 2:1 есебімен ұтқан тайбэйліктер үздік үштікті түйіндеді.
Осы төрт команда қараша айында өтетін командалық әлем чемпионатына жолдама алды.
Қазақстандық құраманың ойыны жөнінде команда капитаны Ярослава Шведова өз пікірін білдірді.
- Біздің қыздар жақсы өнер көрсетіп, бар күшін салды. Бастапқыдан-ақ үздіктердің қатарында болмағандықтан, бәсекелер оңайға түскен жоқ. Соған қарамастан, қыздар әр матчта табандылық таныта білді. Ештеңемен алмастыруға болмайтын бұл үлкен тәжірибе оларға болашақта міндетті түрде көмектесетін болады, - деді Я.Шведова.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Билли Джин Кинг кубогының іріктеу турнирінде Қазақстан жасөспірімдер құрамасының плей-офф кезеңіне шыққанын жазған едік.
Сондай-ақ Юлия Путинцева Страсбург турнирін сәтті бастады.