Билли Джин Кинг кубогы: Юлия Путинцева рекордтық нәтижеге қол жеткізді

Фото: Фото: ҚТФ

АСТАНА. KAZINFORM — Аустралияның Брисбен қаласында Билли Джин Кинг кубогының іріктеу турнирінде Қазақстан – Колумбия матчында бірегей көрсеткіш тіркелді.

Қазақстандық теннисші Юлия Путинцева колумбиялық Валентина Медиорреал Ариасты небәрі 37 минутта тізе бүктірді. 

Бұл Федерация кубогы (қазір Билли Джин Кинг) тарихындағы ең жылдам өткен ойын есебінде тіркелді. 

Спорт Шредингера телеграм-каналынан мәлім болғанындай, ресми ақпарат көздерінің деректері бойынша бұдан бұрын ең тез өткен матч Моника Селеш пен Ива Майоли (42 минут) арасында өткен еді. 

Әйелдер теннисі тарихында 1964 жылы АҚШ чемпионатының финалдық бәсекесі өте жылдам біткен. Онда Мария Буэно 19 минут ішінде жеңіске жеткен. 

Ал ерлерді қосқанда, рекорд Джек Харпер – Дж.Сандифорд (Суррей, 1946 жыл) матчына тиесілі. Онда Харпер 18 минутта қарсыласын тас-талқан еткен – 6:0, 6:0.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Билли Джин Кинг кубогында Қазақстан құрамасының Аустралияны ұтқанын жазған болатынбыз.

Билли Джин Кинг кубогында Колумбиямен матчта Юлия Путинцева Қазақстанды алға шығарды.

Елена Рыбакина бастаған Қазақстан құрамасы Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңіне шықты.