Билли Джин Кинг кубогы: Юлия Путинцева жарысты жеңіспен бастады

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада Billie Jean King Cup турнирінің іріктеу кезеңі басталды. Бүгін кортқа Қазақстанның екінші ракеткасы, әлемнің 74-орнындағы Юлия Путинцева мен рейтингте 198-сатыда тұрған Кайла Кросс шықты.

Фото:Виктор Федюнин / Kazinform

Алғашқы алты геймде қос қарсылас өздеріне сенімді болды. Алайда жетінші геймде қазақстандық теннисші брейк-пойнтты сәтті пайдаланып, есепті 4:3-ке жеткізді. Бұдан кейін ол тағы екі геймді қатарынан жеңіп, алғашқы сетте басымдықты нығайтты. Осылайша, партия небәрі 29 минутта 6:3 есебімен аяқталды.

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Екінші сетте 21 жастағы канадалық теннисші ойын ырғағына біртіндеп бейімделді. Үшінші геймде тартыс күшейіп, есеп бірнеше рет теңесті. Дегенмен, Юлия Путинцева 5:1 есебімен алға шыққан сәтте матчты доп беру кезінде аяқтай алмай қалды.

Осыдан кейін ойын барысы өзгерді. Канадалық қарсылас қатарынан төрт геймді жеңіп, есепті 5:5-ке дейін теңестірді. Ал бірнеше матчбол мүмкіндігін пайдалана алмаған Юлияға кездесуді жеңіспен аяқтау үшін бар күшін салуға тура келді.

Кездесу Қазақстан құрамасы көшбасшысының пайдасына 6:3, 7:5 есебімен аяқталды. Ал жалпы есепте Қазақстан құрамасы 1:0 есебімен алға шықты.

Фото: Қазақстан теннис федерациясы

Келесі кезекте кортқа 19 жастағы Соня Жиенбаева (1023) мен канадалық Бьянка Андрееску (130) шығады.

Айта кетейік, Қазақстан – Канада кездесуінің жеңімпазы 22–27 қыркүйек аралығында Қытайда өтетін Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңіне жолдама алады.

Еске сала кетейік, теннисші Зарина Дияс кәсіби мансабын аяқтады.