Билли Джин Кинг кубогының іріктеу турнирі: Қазақстан жасөспірімдер құрамасы плей-офф кезеңіне шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Шымкент қаласында 16 жасқа дейінгілер арасында теннистен Билли Джин Кинг кубогы аясында Азия — Тынық мұхит аймағы бойынша өтіп жатқан іріктеу турнирінде Қазақстан қыздар құрамасы топтық бәсекені сәтті аяқтады.

Фото: ҚТФ

Қазақстандық қыздар өз тобындағы соңғы матчта Таиланд құрамасымен кортқа шықты. 

Алдымен Мәриям Нұржан Джиннипа Трачуваничпен бәсекеде алғашқы партияда есе жібергенімен, камбэк жасай алды — 4:6, 6:2, 7:5.

Фото: ҚТФ

Бұдан кейін Тамина Сәкен де Чотрин Каевканың мысын басты — 0:6, 6:4, 6:4.
Осылайша, жекелей сын қорытындысы бойынша 2:0 есебімен мерзімінен бұрын жеңіске жеткеннен кейін Ярослава Шведова бастаған бапкерлік штаб ойыншылардың күшін сақтау үшін жұптық кездесуді өткізбеуді жөн көрді.
Аталмыш топта 3 жеңіске қол жеткізген Жапония бірінші, Қазақстан (2 ұтыс) екінші орынмен плей-офф кезеңіне жолдама алды.

Жеребе қорытындысына сәйкес Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Оңтүстік Кореямен ойнайды. Оңтүстіккореялық қыздар осал қарсылас емес. 
Ширек финалдық матчтар 14 мамыр күні өтеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Шымкентте жасөспірімдер құрамалары әлем чемпионатына жолдаманы сарапқа салатынын жазған едік.

Сондай-ақ Билли Джин Кинг кубогының іріктеу турнирінде Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Гонконгты жеңді.