Былтыр 14 млн нәресте ешқандай екпе алмаған – ДДСҰ мен ЮНИСЕФ

Коллаж: Kazinform / Pexels / Freepik

АСТАНА. KAZINFORM – 2024 жылы дүниежүзінде 14,3 млн сәби мүлде вакцина алмаған. Ал шамамен 20 млн бала дифтерия, сіреспе және көкжөтелге қарсы екпенің кемінде бір дозасын қабылдамаған. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) мен ЮНИСЕФ таратқан жаңа деректерде айтылған.

Былтыр әлем бойынша сәбилердің 89%-ы – 115 млн бала – аталған вакцина түрінің кемінде бір дозасын алған, ал 85%-ы толық үш дозалық курстан өткен.

Мамандар екпеге сұраныс жоғары болғанымен, қаржыландырудың азаюы, тұрақсыздық пен жалған ақпараттың таралуы салдарынан иммундау бағдарламаларына қауіп төніп тұрғанын ескертеді. Проблемаларға сонымен бірге медициналық қызметке қолжетімділіктің шектеулігі, қақтығыстар мен вакциналар туралы дезинформация себеп болуда.

Қазіргі таңда әлемдегі екпе алмаған балалардың жартысы тұрақсыздық жайлаған 26 елде тұрады. 2019 жылы мұндай балалар саны 3,6 млн болса, 2024 жылы 5,4 млн-ға жеткен. Бұл иммундау шараларын гуманитарлық бағдарламаларға енгізу қажеттігін көрсетеді.

Соған қарамастан, көптеген елдер вакцинация ауқымын кеңейтіп жатыр. 2024 жылы табысы төмен елдерде балаларды вакцинамен қамту көрсеткіші артқан. Қызылшаға қарсы алғашқы дозаны 84%, ал екіншісін 76% бала алғанымен, бұл індеттің таралуын тоқтату үшін қажет 95% деңгейге жетпейді.

2024 жылы қызылша індеті 60 елде тіркелген. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда екі есеге көп.

Айта кетейік, 2026 жылы адам папилломасы вирусына қарсы вакцина ұлдарға да егіледі.