«Былтыр сырттан келу көші-қоны бойынша оң динамика байқалды. 2023 жылғы 1 желтоқсандағы жағдайы бойынша елге 23 мың адам (8,3 мың адамға өсті) көшіп келіп, 15 мың адам елден шықты. Сырттан келу көші-қон өсімі негізінен ТМД елдері мен Қытайға тиесілі», - деді Асқарбек Ертаев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Одан бөлек, спикер еліміздегі ішкі көші-қонға тоқталды.
«Өткен жылы қаңтар-қыркүйек айы аралығында 733 мың отандасымыз ел ішінде көшіп қонды. Оның ішінде 338 мыңы облысаралық қоныс аударды. Көбісі мегополис қалаларға көшкен, яғни Астанаға – 74 мың, Алматыға – 67 мың және Шымкентке – 30 мың адам тұрақты тұруға келді», – деп толықтырды көші-қон комитетінің басшысы.
Бұған дейін қазақстандықтарға Оңтүстік Кореяда заңды түрде үш жыл жұмыс істеу мүмкіндігі берілетіні туралы хабарлаған едік.