Былтыр 40-тан астам қазақстандық шет елдерде құлдыққа жегілген – СІМ

АСТАНА. KAZINFORM — Сыртқы істер министрлігі шетелде адам саудасының құрбаны болған қазақстандықтардың саны ресми деректерден әлдеқайда көп болуы мүмкін екенін мәлімдеді.

Фото: ҚР СІМ

– Бұрын есірткі мен қару-жарақ саудасы туралы жиі айтатынбыз. Қазір адам саудасы алдыңғы қатарға шықты. Қазақстан азаматтарының шетелде құлдыққа түсу фактілері бар. Көбіне бұл Таяу Шығыс елдері мен «алтын үшбұрыш» аймағында кездеседі. Атап айтқанда, Бирма мен Вьетнамда осындай жағдайлар тіркелді. Өткен жылы Қазақстанның консулдық қызметкерлерінің көмегімен 40-тан астам ел азаматы қайтарылды, – деді ҚР СІМ-нің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Станислав Василенко.

Оның сөзінше, қазіргі таңда адам саудасы мен заңсыз орган саудасы – әлемдегі ең табысты қылмыстық бизнестің бірі. Ал құлдыққа түскен жандар кей жағдайда жұмысқа жегіледі.

– Олардың арасында скам-орталықтарда жұмыс істеуге мәжбүр болған азаматтар мен сексуалдық құлдыққа жегілген қыз-келіншектер де болған. Кейбір азаматтар өздері хабарласып, көмек сұрады. Сонымен қатар елшіліктер мен консулдықтар да олардың елге оралуына көмектесті, – деді ол елордада «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы заң және оны құқықтық қолдану тәжірибесі» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде.

Станислав Василенко қазақстандықтарды шетелге шығар алдында барынша сақ болуға шақырды.

– Жоғары жалақы уәде еткен күмәнді хабарландыруларға сене бермеу керек. Шетелге шыққанда міндетті түрде Қазақстан елшіліктері мен консулдықтарының байланыс нөмірлерін өзіңізбен бірге алып жүріңіздер. Егер қандай да бір алаяқтық схема барын сезсеңіздер, Сыртқы істер министрлігіне жүгініңіздер, – деп ескертті ол.

Айта кетейік, бұған дейін порталымызда сәби саудасы, вебкам және қанау секілді мәселелерді ІІМ-нің әшкерелегені жайлы материал жарияланды.